Пәтерінде жалғыз қалған ақтөбелік мүгедек қыз екі күн бойы аш жатқан

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде I топ мүгедегі Айнұр Есенова екі күн бойы ас-сусыз, бақылаусыз қалған. Еріктілер оны ауруханаға жатқызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Блогер Әли Оспанов мүгедек қызды осымен екінші рет өлімнен құтқарып қалды. Алғашында Айнұр Есенованың досы хабарласып, көмек сұраған болатын. Ал бүгін екі күн бойы дала көрмей, ессіз пәтерінде жатқан жерінен полицияны және төтенше жағдай қызметін шақырды.

«Айнұр Есенова жоғары білімді, есепші болып жұмыс істеген. 31 жастағы әйелдің бұған дейін төртінші қабаттан секіріп, арбаға таңылғанын білеміз. Біз оған алаңдап, хабарсыз қалған соң үйіне бардық. Телефонын көтермеді, бірақ қоңырау дауысы естілді. Полиция шақырылды, төтенше жағдайлар қызметі келді. Есік ашылмаған соң терезе арқылы кіруге тура келді. Пәтер ішін қолаңса иіс алып кеткен, Айнұр әлсіреп қалған. Бізді көргенде су, тамақ сұрады», - дейді блогер Әли Оспанов.

Дереу жедел жәрдем шақырылып, көмек берілді. Бірақ дәрігерлер ақыл-есі дұрыс, денсаулығына өзі салғырт қараған Айнұрды алып кетуден бас тартты.

«Біз басшыларына хабар беріп, емдеу мекемесіне жатқызуды сұрадық. Содан соң теміржол ауруханасына алып кетті. Айнұрға психологиялық көмек керек, оның өмірге деген құлшынысын көргіміз келеді. Бізге адамдар көмек сұрап хабарласады. Бірақ мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмыз», - деді Әли Оспанов.

Айта кетейік, Айнұр Есенованың анасы қайтыс болған, өзі әкесімен бірге тұрады. Әкесі қазір 15 күндік вахтада жұмыс істеп жүр. Бұл уақытта ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі қызға інісі мен келіні қарайды.

«Айнұр Есенова мемлекеттік көмектің бәрін алып жүр. Оған гигиеналық заттар беріледі, І топ мүгедектігі рәсімделген. Тек әлеуметтік көмекшілер үйіне бармайды. Себебі қалада тұратын туыстары бар адамдарға көмек қарастырылмаған. Ауруханаға жатып қалғанын естіп, бардым, жағдайын білдім. Ол еш шағым айтпады», - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.

Ал облыстық ПД баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов тексеру жүретінін, қамқоршысы қызға дұрыс қармайтыны анықталса, заң аясында жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар