Пәтерін арендаға берген кісі тұрғындарды уақытша тіркеуге міндетті - полиция

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан полицейлері азаматтарды тұрғылықты жерге тіркеу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы тұрғылықты жерінде тіркелуге тиіс.

14 жастан бастап азаматтар бір мекенжайда тұрақты есепке алынады.

Тіркеудің екі түрі бар:

- тұрақты тіркеу

- азаматтың 1 айдан астам уақыт тұратын жерінде уақытша тіркелуі (оқуы, жұмысы, емделуі, мұқтаждарға күтім жасауы және басқа).

Егер адамның бір мекенжайда тұрақты тіркеуі бар, бірақ іс жүзінде басқа мекенжайда бір айдан астам уақыт тұратын болса, онда ол сол жерге уақытша есепке тұруы қажет.

Мерзім аяқталғаннан кейін уақытша тіркеу автоматты түрде жойылады, тұрақты тіркеу мекенжайы өзгеріссіз қалады.

Бір айдан астам мерзімге уақытша баспана беретін тұрғын үйдің меншік иесі сонда тұратын азаматты уақытша тіркеуге міндетті.

Олай болмаған жағдайда екі тарап та әкімшілік жауапқа тартылады: тіркеусіз адамдар Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 4 92-бабы бойынша, ал үйдің иесі осы кодекстің 493-бабы бойынша.

«Тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметін халыққа қызмет көрсету орталығында, сондай-ақ электронды үкімет порталы, eGov-mobile, Halyk Homеbank мобильді қосымшасында алуға болады.

ХҚО-ға жүгінген кезде тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін мынадай құжаттар қажет:

- жеке басын куәландыратын құжат (туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі).

- тұрғын үй иесінің немесе сенім білдірілген адамның жеке басын, тұрғын үй иесінің немесе сенім білдірілген адамның жеке қатысуын куәландыратын құжат.

Ғимараттар мен үй-жайға тіркеу кезінде ұйым әкімшілігінің тіркеу туралы қолдаухаты қажет.

Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 492-бабына сәйкес күнтізбелік он күннен бір айға дейін тіркеусіз тұрғаны үшін ескерту жасалады, бір айдан астам мерзім тіркеусіз жүрсе 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


Соңғы жаңалықтар