Пәтердің қымбаттауына зейнетақы жинағы ғана әсер еткен жоқ – Ләззат Ибрагимова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баспана бағасының қымбаттауына не ықпал еткенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі әлемдік үрдістерді қарайтын болсақ, барлық елдерде жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттап жатыр. Halyk research тобы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына зерттеу жүргізді, онда Батыс Еуропада да, Солтүстік Америка елдерінде де, Канадада, АҚШ-та да жылжымайтын мүлік бағасының өскенін көрсетті. Еуростаттың инфографикасынан да Швеция сияқты Скандинавия елдерінде бағаның 10%-дан астам өскенін көреміз. Егер зейнетақы жинағының жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне қатысу үлесін бағаласақ, факторлардың төрттен бір бөлігі ықпал етті деп ойлаймын», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, биыл сату және сатып алу мәмілелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп болған.

«Осылайша, мұнда көптеген факторлар рөл атқарды. Бұған тек зейнетақы жинағы ғана әсер етті деп айтуға болмайды. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуі барлық жерде байқалып отыр, оған қоса азық-түлік және өзге де тауарлар бағасының өсуіне ықпал ететін инфляциялық процестер бар. Құрылыс материалдарының жекелеген топтарын алып қарасақ, арматура мен бетон қымбаттады. Еңбекақы мөлшері өзгерді, краншыларға, құрылыс-монтаж жұмысымен айналысатындарға сұраныс артты. Сондықтан бұл жерде БЖЗҚ ғана әсер етті деп айтуға болмайды», - деді Л. Ибрагимова.


Соңғы жаңалықтар