Пәтерді онлайн рәсімдеу дербес деректердің таралуына жол ашпай ма - Бағдат Мусиннің жауабы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жылжымайтын мүлікті онлайн тіркеу процесі азаматтардың дербес деректерін хакерлердің ұрлауына жол ашпай ма? ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге Astana Hub алаңында өткен брифингіде осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз бұл пилоттық жобаның ішінде блокчэйн технологиясын пайдаландық. Блокчэйн технологиясы осы ақпараттық қауіпсіздік мәселесін шешеді. Ол нотариустен де сенімдірек. Өйткені бүкіл процес жазылады және деректерді қайта айырбастау мүлде мүмкін емес», - деді министр.

Сондай-ақ, ол пилоттық жобаның көмегіне жүгінгендерге ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңест берді.

«Қандай кеңес беру керек дегенге келсек, электронды цифрлық қолтаңбаларды барынша құпия ұстауға тырысқан жөн. Басқаларға ЭЦҚ-ны ұсынбау, көшірмесін қосымша тасымалдаушыда сақтамау сияқты сақтық шараларын ескеру қажет.

Біз барлық жерде биометрияны қолданайық деп отырмыз. Ұялы телефон арқылы Egov-қа кіргенде бет әлпетіңізді экранға көрсету арқылы бірнеше қызмет алуға болады. Оны өздеріңіз көрген де шығарсыздар. Осы технологияны жетілдіріп, ЭЦҚ мен биометрияны бірдей енгізгенде ғана жұмыс істейтін қылып жасаймыз», - деген Бағдат Мусин ақпараттық қауіпсіздік мәселесінен қорқып технологияда көшіне қалуға болматйынын жеткізді.

«Әрине, технологиялардың дамуына байланысты ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де күрделенеді. Хакерлерді айтып жатырсыздар. Бірақ жаңа тәсілдерге бет бұрмасақ болмайды. Сондықтан жаңа жобалардың бәрін ақпараттық қауіпсіздік технологияларының сүйемелдеуімен іске асырып жатырмыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар