Пәтер иесі жалға алушыдан депозит сұрауы қаншалықты заңды - маман жауабы

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Егер кепілдік төлем болса, оны қалай қайтаруға және қандай жағдайда пайдалануға болады? Бұл сауалдарға онлайн брифинг барысында Қазақстан біріккен риэлторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінші, жалға алушылар алдымен мынаны түсінуі керек. Алдын ала төлем басқа, депозит - басқа төлем.

«Әрине, жазбаша келісімшарттың болуы екі тарапты да қорғайды. Келісім-шарттың паритеттік болуын қамтамасыз етуге, оның әрбір тарап үшін тең құқықтар мен міндеттерге ие болуына ұмтылу қажет. Кепілдік төлем (депозит) екі жақтың келісіміне байланысты жасалады. Көбіне оның сомасы жалға берілетін пәтердің бір айлық ақысы мөлшерінде болады. Сонымен қатар, пәтердің тұрған жеріне, ішіндегі жиһазға тікелей байланысты. Менің ойымша кепілдік төлем болуы керек. Мысалы, жалға алушы коммуналдық шығынды төлемесе, қымбат жиһазды бүлдірсе пәтер иесі сол сомадан ұстап қалуға құқылы. Егер жалға алушымен келісім шарт тоқтатылса және бәрі дұрыс болса меншік иесі депозитті қайтаруға міндетті», - деді ол.

Айтуынша, пәтерді жалға алушылардың басым бөлігі алдын ала төлем жасайды. Өздеріне ұнаған баспанада ұзақ уақыт тұрақтап қалу үшін алты немесе бір жылға дейін төлеп тастайды. Бұл да келісім шартта көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар