+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Пассионарлық рухтың парасатты қаласы

2017 жылғы 6 шілде 20:01
Бөлісіңіз:
Пассионарлық рухтың парасатты қаласы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күлтегін ескерткішінде: «Түрік қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қой­науын­да отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтай­сың» деп, тасқа жазып қалдырған екен. Одан беріде данышпан әл-Фараби «парасатты қаланы», Асан­қайғы «Жиделібайсынды» аңсады. Бабалар армандаған Өтүкен мен Ергенеқон, жер жәннаты Жерұйық пен Жиделібайсын - соның бәрі бүгінде ақиқатқа айналып, Астана­мен астасып жатқандай... «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында аталмыш басылымның Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің "Пассионарлық рухтың парасатты қаласы» атты мақаласы жарық көрді. «ҚазАқпарат» оқырмандар назарына мақаланың толық нұсқасын ұсынады.

* * *

«Астана» атауының парсы тілінде «табалдырық, босаға» деген мағына беретіні белгілі. Табалдырық - түркі жұртының тәу етіп, кие тұтатын қасиетті орны. Қазақ табалдырықты бастырмайды, табалдырықтан оң аяғымен аттайды. Ұлт жадына жатталып қалған бұл сенім сол уақытта Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың да санасында жаңғырып тұрды. Сондықтан Еуразия кеңістігіндегі алып империяға айналған Осман түріктері үш құрлықты түйістірген, талайларға арман болған Ыстанбұлды қасиетті құт мекенге балап, оны Астана деп атай бастаған. Осылайша түркілік сипат алған «астана» атауы жаңа мағыналарға ие болды.

«Қамус-и түрки» сөздігіне жүгі­нер болсақ, Астана - руханият ордасы, әулие мекені, дәргәһ деген де мағы­налар береді екен. Бүгінде Астана сөзін қазақ қана қолданады. Мәселен, өзбек бауырлар елордасын «пайтахт», татар туғандар «пайтехет» дейді. Ал түріктер бас қаласын «башкент» деп атайды.

Ғасырлар тоғысқан тұста қазақ халқы өз Астанасын орнатты. Батыс пен Шығыстың ортасына, Ұлы Жібек жолының бойына, Еуразия кеңістігінің кіндігіне орналасқан елордамыз өз бойына бүкіләлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтарды жия білді. Осылайша «табалдырық», «державаның орталығы», «салтанат ордасы», «шығыс пен батыстың түйіскен тұсы», «бақыт босағасы», «құтты мекен», «әулие дәргаһы», «рухани орталық» деген мағыналарға келетін Астана елдігіміздің еңселі ордасына, әлемдік руханият пен мәдениеттің орталығына айналды.

Ежелгі ертегілерде айтылатындай, ай санап, күн санап өзгерген Бас қала тарих үшін қас-қағым сәтте әділетті, парасатты істерімен жер жүзінің назарын өзіне аудара білді. Әлемдегі дін өкілдерінің басын қосып, адамзаттың ортақ мәселелеріне шешім іздеуі, талай жылдар бойы бітім жасай алмай жүрген алып мемлекеттердің басын қосып, оларды байламды бәтуаға шақыруы, өркениеттер қақтығысына мәдениеттер келісімі арқылы жауап беруі, халықаралық ауқымды шаралар өткізуі сияқты іргелі қадамдарымен елорда бүгінде шын мәнінде ізгілік мекеніне, руханият ордасына, тоғыз жолдың торабындағы құтты қалаға айналды. Осындай игілікті, ізгі шараларға ұйытқы болған Астана «Бейбітшілік қаласы» атанды, түбі бір түркінің теңдессіз төрі деп танылды.

Астана - ең әуелі, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың тұғыры, ұлт болып ұйысуымыздың ұстыны, жұрт болып жарасуымыздың жасампаз жылнамасы. Арқаның ажарын ашып, қазақтың өз таңдау-талғамымен, қажырлы қуат-қайратымен Есілдің бойында жайқала бой көтерген ғажап шаһар - Елбасының ерен жеңісі, елдікке орнатқан еңселі ескерткіші, мемлекетті мәңгілік етудегі мега-жобасы. Елорда мен Елбасының егіз ұғымға айналғаны да сондықтан.

Сеңді бұзып, ұлы көшті бастаған Астана қазақтың бұйығы тірлігіне жан бітірді, дағдарыс ұйығынан шығарып, экономикасын өрге сүйреді. Елдің әлеуеті мен күш-қуатын арттырып, жаһандық деңгейдегі жасампаз жобаларға жетеледі. Жаңа елордамен бірге тұтас терістіктегі ел қазақыланды, қазақ та қалалық халыққа айналды. Мәдениет пен өркениеттің қалада жасалатынын ескерсек, Астана ұлттық рухани жаң­ғы­руымыздың да басы болды. Елдің жүрегіне сенім ұялатып, санасын сілкіндірді. Астананың тағдыры - қазақтың тағдыры, Астананың мәртебесі - қазақтың мерейі десек, Астана арқылы қазақтың да абыройы асқақтады.

Фараби айтқан парасатты қала - утопия да, идеал да емес, ол шын мәнінде, біздің ішкі рухани дүниеміздің айнасы. Сондықтан дүркірей көтерілген қазақтың пассионарлық рухымен, Елбасының ерен ерік-жігерімен еңсе тіктеген арайлы Астана шын мәнінде қасиет қонған парасатты қалаға айналды. Мереке құтты болсын!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT