Пасха мерекесі Ақмола облысында да аталып өтілуде -ФОТО

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Христиандардың қасиетті мерекесі Пасха Ақмола облысында да аталып өтілуде. Осы орайда, облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов Көкшетау қаласындағы «Архистратиг Михаил приходы» православ шіркеуінде болып, ғибадатханаға жиналған жұртшылықты православие христиандарының басты діни мейрамдарының бірі - Пасха мерекесімен құттықтады.

Әлемнің 140-тан астам елінде тойланатын бұл діни мереке еліміздің барлық аумағында, соның ішінде біздің облысымызда да жыл сайын лайықты дәрежеде тойланып келе жатқандығы, осының бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, елдегі діни тұрақтылықты сақтап қалуға деген ынта-ықыласының арқасы екендігі Пасха мерекесі күні облыс орталығындағы православ шіркеуінде болған кездесуде айтылды. Осылайша елімізде діни конфессиялардың ойдағыдай дамып, халықтың сенім мен наным бостандығына қол жеткізіп отырғандығына ерекше тоқталып өткен облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов мереке күні шіркеуге жиналған жұртшылықты мейрамдарымен құттықтап, олардың отбасыларына амандық тіледі.

Кездесуде Көкшетау және Ақмола епархиясының владыкасы Серапион сөз алып, өңір халқын атаулы мерекемен құттықтады. Аймақтағы православие христиандарына жасалып отырған ерекше қамқорлықты тілге тиек еткен ол облыс орталығында тұрғызғалы жатқан жаңа шіркеу жайында да сұрап білді. Өз кезегінде өңір басшысы жаңа шіркеудің құрылысын күзде басталатынын тілге тиек етті.

Жұртшылықты мерекемен құттықтаған Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Нина Дьячек пен Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов та мейірімділік, ізгілік пен өзара достыққа шақыратын бұл мейрамның мән-маңызына тоқталды. Мереке күні шіркеуге келіп, христиан дінін ұстанушы қала тұрғындарын Пасха мерекесімен құттықтаған облыс әкіміне осы шіркеудің владыкасы Серапион ерекше ризашылығын білдіріп, мерекелік тағамын ұсынды. Бұдан кейін облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов шіркеудегі жексенбілік мектептің шәкірттеріне сый-сияпаттар үлестірді.

Соңғы жаңалықтар