«Парыз» конкурсының өлшемшартына тағы бір талап енгізіледі

2022 жылғы 7 желтоқсан, 17:21
«Парыз» конкурсының өлшемшартына тағы бір талап енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытындағы «Парыз» конкурсының өлшемшартына тағы бір талап енгізіледі. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту – мен ұсынған сайлауалды бағдарламада көрсетілген негізгі басымдықтың бірі. Сондықтан келесі жылдың алғашқы тоқсанында ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданады. Бұл шын мәнінде ауыл тұрмысын түбегейлі жақсартуға, соның ішінде ауылдағы бизнесті дамытуға қажетті, өте маңызды құжат болмақ.

Бесінші мәселе – қазақстандық бизнес өзінің жетілгенін, әлеуметтік жауапкершілігі мол екенін үнемі көрсетіп келеді. Тек «Парыз» республикалық конкурсының жеңімпаздары ғана 2022 жылы әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа 36 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттаған. Соның арқасында 5000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекет те өз тарапынан кәсіби кадрлар дайындайтын жұмыс берушілерге әлеуметтік қолдау көрсетіп, пәрменді шаралар қабылдап жатқанын еске салды.

«Жастар іс-тәжірибесі, «Алғашқы жұмыс орны», «Буындар келісімшарты» бағдарламаларының аясында биыл 30 мыңнан астам адам жұмысқа тұрған. Келесі жылдан бастап «Парыз» конкурсының жеңімпазын анықтаған кезде қосымша өлшемшарт қолданылатынын айтқым келеді. Бұл – ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруға қосқан үлесі. Бұл мемлекеттің де, бизнестің азаматтарымыздың алдындағы ортақ парызы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar