Партиялардың халық билігін жүзеге асырудағы мүмкіншілігі артады - коммунист Ахметбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Партиялардың халық билігін жүзеге асырудағы мүмкіншіліктері артады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мәлім етті. 

Оның атап өткеніндей, біздің егеменді еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ерен ерліктермен қарсы алған Қазақстан, болашақты жаңа серпінмен бастамақ.

"Келешегі бұлыңғыр алмағайып заманда, елін бастаған ер, Тұңғыш Президентіміз -  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді тар жол, тайғақ кешуден аман алып өтіп, мемлекетті дамудың даңғыл жолына бастады.

Тарих үшін қас-қағым сәтте Қазақ елін жер бетіне жария еткен ұлт перзенті, ел дамуының жаңа кезеңінде тағы бір батыл бетбұрыс жасады. Елбасы Конституциялық реформа жасау арқылы, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды ұсынды. Бұл реформалар егемен елімізді өркениет биігіне жетелеген дана басшымыздың алдын ала болжанған стратегиялық жоспарының заңды жалғасы. Көз алдымызда күн санап өзгеріп жатқан ішкі және сыртқы саясат мәселелеріне уақытылы ұсынған жауабы, әрі қоғамды шынайы демократияландыру жолындағы сәтті қадамы", - деді Аxметбеков Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Оның сөзінше, Президенттің бұл тарихи шешімі - еліміздің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеретініне ешкім де күмән келтірмейді.

"Біз де, Қазақстан Коммунистік халық партиясы Президенттің саяси үндеуі жарияланған күннен бастап барша партия ұйымдарында қызу талқыладық.

Жаңа реформалық өзгерістер бұқара халық арасында насихатталып, Ата Заңымызға енгізілгелі отырған әрбір жаңашылдыққа ерекше көңіл бөлінді. 

Елбасының алысты болжайтын қырағы қимылына шүбәсіз сенетін халқымыз, бұл жолы да Президенттің көреген бастамасына шынайы ықыласын білдірді", - дейді депутат.

"Маған дейін сөз сөйлеген әріптестерім айтып кеткендей, Конституциялық өзгерістерден кейін, ең алдымен, Үкіметтің өкілеттігі артып, Парламенттің рөлі күшейеді. Мысалы, 70-баптың 1-тармағына Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады, - деген өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Бұл елеулі жаңалық. Түзету қабылданған жағдайда Үкімет мүшелерін қайтадан жасақтауда парламенттік партиялардың, соның ішінде жеңімпаз партияның рөлі мен жауапкершілігі күшейеді. Партиялардың халық билігін жүзеге асырудағы мүмкіншіліктері артып, билік пен халық арасын бұрынғыдан да жақындата түседі", - деп атап өтті депутат.

Алайда, оның сөзінше, бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Үкіметті жасақтауда сырт қалады дегенді білдірмейді. Керісінше, Президент Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы өз бастамасы бойынша шешім қабылдау құқығын сақтап қалады. 

Сонымен қатар ол, Конституцияда Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысының мәртебесін Ата заңда бекіту туралы ұсынысты қолдайтындығын мәлім етті.

"Президентіміздің тек заң саласында ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанымызды алға жетелеу жолындағы әлем мойындаған теңдессіз қайраткерлігін бағалай отырып, әріптесіміздің 91-баптың 2-тармағы бойынша ұсынысын сөзсіз, бірауыздан қолдаймыз. Себебі Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым. Екеуі де біздің айбынды мемлекетіміздің айшықты бедері. Осы құндылықтардың Ата заңымызда бекітілуі өте маңызды және қажетті", - деді Аxметбеков.

Айта кетейік, бүгін Парламенттің бірлескен отырысында "ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Отырыс барысында ҚР Президенті баяндама жасады. Парламент конституциялық өзгерістерді талқылауды дүйсенбіде жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар