Парламенттің осы сессиясы жауапты кезеңде өтті – Ерлан Қошанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясының жұмысын аяқтап, қорытындылап отырмыз. Осы сессияның негізгі стратегиялық басымдықтарын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы қыркүйекте сессияның ашылуында, сондай-ақ Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берген болатын. Өткен кезеңде Парламенттің қызметі белгілі оқиғалар мен маңызды шешімдерге толы болды. Біріншіден, биылғы сессия Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті. Бұл еліміздің басты мемлекеттік мерекесі ғана емес, барша қазақстандықтарды біріктіретін ұлттық тарихи маңызды кезең. Екіншіден, Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы маңызды кезеңдердің бірі – Қазақстан Республикасы Парламентінің 25 жылдық мерейтойы. Парламенттің қалыптасуы мен дамуы егемен Қазақстанның тағдырымен тығыз байланысты. Үшіншіден, ел дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретін Конституцияға түзетулер жөніндегі республикалық референдум болды», - деді Е. Қошанов.

Осы орайда ол Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өткенін атап өтті.

«Ең алдымен, біз екі жылға созылған коронавирус пандемиясын еңсеріп қана қоймай, ортақ күш-жігеріміздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесіндегі тәсілдер өзгертілді, білім беру саласында оқытудың жаңа стандарттары енгізілді, бизнестің, банк және қаржы құрылымдарының, қызмет көрсету және көлік саласының жұмыс форматы өзгерді. Коронавирус пандемиясы кезеңіндегі шектеу шаралары Парламенттің қызметіне де өз ерекшелігін енгізді», - деді Мәжіліс төрағасы.

«Қаңтарда еліміз үлкен қатерден аман-есен шықты. Мұндай оқиға мемлекетіміздің жаңа тарихында бұрын соңды болмаған. Соған сай, дер кезінде және жедел әрекет ету қажет болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жігерлі шешімдері елді террористік соққыдан аман алып шығып, жағдайды қысқа мерзім ішінде тұрақтандырды. Бұл біздің еліміз бен мемлекетімізді сақтау жолындағы бірден-бір дұрыс әрі байыпты қадам болды. Осындай күрделі кезеңде, Мемлекет басшысы Парламент қабырғасында Қазақстан халқына Жолдау жасап, ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Саяси трансформацияның негізгі өзегі – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру, барлық қазақстандықтарға бірдей мүмкіндіктер жасау. Ал өткен референдумның қорытындылары қазақстандықтардың басым көпшілігінің Президенттің саяси жаңғырту бағдарламасын қолдайтынын көрсетті», - деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты.

«Мәселен, Праламент палаталарының 4-ші бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар