Парламенттік тыңдау: Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі талқылануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығы саласының проблемалары туралы бірегей және қарама-қайшылықтарға толы материалдар жиналғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз сіздермен әрбір қазақстандықты алаңдататын – ауыл тақырыбын, біздің жер ресурстарымызды дамыту мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Біздер үшін ауыл нені білдіреді? Ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі. Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы. Сондықтан ауылды дамыту мәселелері әрқайсымызға өте жақын және түсінікті. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 42 пайыз қазақстандықтарға ғана емес, барша Қазақстан халқына қатысты үлкен мәселе. Бүгінгі таңда жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес», - деп тоқталды Д. Назарбаева Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Сенат спикері ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі саласы екенін, еліміз әрқашан астық өндірумен танымал болғанын атап өтті.

«Ал халқымыздың өмір салтының ажырамас бөлігі мал шаруашылығы, ол ежелден әр қазаққа интуитивті тұрғыда жақын, генетикалық деңгейде түсінікті. Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неге ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласы болып келеді? Бұл жағдай бүгін байқап отырғанымыздай қоғаммен, әсіресе, ауылдық жерлердің тұрғындарымен ауқымды әңгіме, кәсіби сұхбатты қажет етеді. Қазақстанда Өңірлік даму министрлігі жоқ. Сенат - жергілікті мәслихаттар сайлаған сенаторлар арқылы өңірлерді институционалды түрде көрсететін жалғыз ұлттық орган. Ауылдық жерлерді дамытуға байланысты аймақтық дамудың әлеуметтік проблемалары көп жағдайда біздің де жауапкершілік аймақ екеніне сенімдімін. Парламенттік тыңдаулардың қарсаңында Сенат депутаттары ұйымдастырумен қатар көптеген маңызды жұмыстар атқарды. Тиісті департаменттердің, мемлекеттік корпорациялардың, фермерлердің кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен, өңірлерде ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтын адамдармен ондаған кездесулер өтті. Саланың проблемалары туралы бірегей және қарама-қайшылықтарға толы материалдар жиналды», - деді Дариға Назарбаева.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының Жалпы ішкі өнімінің үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді.


Соңғы жаңалықтар