Парламентте үш жаңа партия: Олардың арасында оппозициялық ЖДСП бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сайлау нәтижесі бойынша Парламент Мәжілісіне алты партия өтеді, оның ішінде үш партия алғаш рет Мәжілісте бой көрсетеді. Олар – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы және парламенттегі алғашқы оппозициялық партия Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылы 10 қыркүйекте бәр топ ел азаматтарының бастамасымен құрылған және 2007 жылы 25 қаңтарда тіркелген. Еліміздің барлық облыстарында және Астана, Шымкент және Алматы қалаларында партияның филиалдары бар. ЖСДП төрағасы – Азат Рахымжанов.

Партияның қызметі еріктілік, теңдік, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялық қағидаттарына негізделген. Партия қолданыстағы заңнамада белгіленген шектеулерді қоспағанда, өзінің ішкі құрылымын, мақсаттарын, міндеттерін, қызмет нысандары мен әдістерін дербес анықтайды.

Өткен жылы ЖСДП партиясының кандидаты Президент сайлауына қатысқан еді. Сол кезде партия Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын ұсынды. Сайлау қорытындысы бойынша оған 176 116 адам немесе сайлаушылардың 2,22% дауыс берген.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылы 5 қыркүйекте «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттары партиясының бірігуі арқылы құрылған. Партия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Партия қызметінің басты өзегі ауыл, агроөнеркәсіптік кешен проблемаларын, ауыл халқын әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу болды және осылай қала береді. «Ауыл» партиясы да өз кандидаты Жигули Дайрабаевты Президенттікке ұсынған еді. Онда «Ауыл» кандидатына 271 641 сайлаушы немесе 3,42% дауыс берді.

Сайлау алдында партия қатарына ҚР Президенттігіне кандидат болған Қарақат Әбден де қосылды. Өткен жылы сайлауда Қарақат Әбденге 206 000 немесе сайлаушылардың 2,6% сенім білдірген.

«Respublica» партиясы биыл 18 қаңтарда құрылды. Партия төрағасы – Айдарбек Қожаназаров.

«Respublica» партиясы заманауи және жоғары технологиялық ұлттық экожүйені құру бастамасын көтерді. Партия өзін қоғамдық өмірдің барлық салаларында құрылымдық өзгерістерге бағытталған МЕТА-партия ретінде көрсетеді.

Партия өкілдері сенімді, гүлденген және әділ мемлекетте – әркім адал еңбек етіп, лайықты табыс таба алатын, дені сау және білімді жастары бар және өз елін мақтан тұтатын еркін адамдар елінде тұрғысы келетінін айтады

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала нәтижесін жариялаған еді.


Соңғы жаңалықтар