Парламентке оппозиция қажет – Сенат төрағасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің одан әрі дамуы үшін саяси әрі сындарлы оппозиция қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламентке кім келеді? Оны халық шешеді. Бүгінгі сайлауда да шешімді халық қабылдайды. Ал билік ол үшін жағдай жасайды. Мемлекеттік органдар тиісті дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан біздің азаматтар шешім қабылдауға өз үлесін қосуы керек», - деді Мәулен Әшімбаев сайлауда дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ журналистер Сенат спикеріне Парламентке оппозиция қажет пе деген сауал жолдады.

«Иә, Парламентке оппозиция қажет. Оппозиция әрқашан қажет. Айта кету керек, оппозиция сындарлы болуы керек. Біздің одан әрі дамуымыз үшін саяси әрі сындарлы оппозиция қажет. Бұл бағытта тиісті заңдар қабылданды. Тиісті нормалар бар. Егер олар өздерін оппозиция деп жарияласа, оларға мүмкіндік беріледі, құқықтары бар. Біз құқықтық жүйені қалыптастырдық және ол жұмыс істеуі керек», - деп жауап қатты М. Әшімбаев.

Бұған дейін Сенат спикері бүгінгі сайлауда бір мандатты және өзін-өзі ұсынғандар арасында бәсеке жоғарылығын атап өткен еді.

Айта кетсек, Мәулен Әшімбаев елордадағы №111 сайлау учаскеде өз таңдауын жасады.


Соңғы жаңалықтар