Парламент жұмысы одан сайын ашық бола түседі - Мәжіліс спикері

None
None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Парламент жұмысы алдағы уақытта одан сайын ашық бола түседі.

Бүгін бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жабылуына арналған бірлескен отырыста Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, заң шығарушы биліктің жұмысы ең алдымен қалың жұртшылықты алаңдататын мәселелерді шапшаң шешуге бағытталды. Ал бұндай үдерісте барынша ашықтық пен жұртшылық арасында екіжақты диалог маңызды рөл атқарады. Осыған орай Мәжіліс спикері қоғаммен байланыстың дәстүрлі формасынан бөлек, жұмыстың жаңа форматы да енгізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Бұндай құралдардың бірі Мәжілістің жалпы отырыстарын Интернет арқылы онлайн-тарату болмақ. Бұдан былай Мәжілістің ресми сайтында барлық пайдаланушылар белгілі бір заң жобаларымен депутаттардың жұмыстарын қарай алады. Барлық парламенттік фракциялардың талқылауларын, ең маңыздысы заң жобасын әзірлеушілердің депутаттар алдында өз позицияларын қалай қорғайтынын қалың жұртшылық тікелей білетін болады», - деді Н. Нығматулин.

Оның сөзіне қарағанда twitter, Facebook, YouTube секілді әлеуметтік желілерде Мәжілістің парақша аккаунттары ашылған.

«Сөзсіз, мұндай формат Парламент жұмысын қоғамның кең ауқымы үшін барынша ашық, мөлдір ете алады», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар