Парламент және мәслихат сайлауы: «Ауыл» партиясы мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көппартиялы Парламент – қазіргі заманның талабы. Бұл туралы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Парламент және мәслихаттарға кезекті сайлаудың жариялануына қатысты мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өтетіні жайлы жарлығын жариялады. «Ауыл» партиясы Президенттің бұл шешімін құптайды.

Бұл қазіргі кезеңдегі коронавирус пандемиясына қарамастан еліміздің барлық азаматтарына Конституцияда көрсетілген сайлау құқығын пайдалануға мүмкіндік беретін дұрыс шешім. Сайлау – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының ажырамас бөлігі», - делінген «Ауыл» партиясының Саяси кеңес президиумы таратқан мәлімдемеде.

Атап өтілгендей, конституциялық мерзімде өткізілетін бұл сайлау әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаның қарастырылуы, парламенттік оппозиция институтының енгізілуі, сондай-ақ мәслихат депутаттарының партиялық тізіммен сайлануы сияқты белгілі бір жаңашылдықтарымен ерекшеленбек.

«Біз, ел тұрғындарының ауқымды бөлігінің мүддесін арқалаған партия ретінде, аталмыш өзгерістер халқымыздың саяси партиялар институтына деген сенімін арттыра түседі деп есептейміз.

Сондай-ақ, осы жолғы сайлау көппартиялық парламенттің қалыптасуына себепкер болып, қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандырады деп ойлаймыз.

Көппартиялы Парламент – қазіргі заманның талабы, Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңі.

Саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестік пен сайлау үдерісі мен дауыстарды санаудағы ашықтық қана Қазақстанның одан әрі дамуының кепілі бола алады деп есептейміз», - деді партиядан.


Соңғы жаңалықтар