Парламент жаңартылатын энергия көздерін қолдайтын заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қабылданды.

Парламент қабылдаған заң жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Сонымен қатар, құжат жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұдан бөлек, заң жобасы инвесторларды да, жеке тұтынушыларды да қолдауды көздейді. Құжаттың тұжырымдамасы бойынша жаңартылатын энергия көздеріне жер телімдерін беру шарасы ерекше жағдайлар бойынша ұсынылатын болады. Бұнымен қоса, заңнамада тұрақты тарифтер енгізу мәселесі де қарастырылып отыр.

Атап айтқанда, құжатта жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатының тұрақты тарифтерін белгілеу қамтылады. Ал мұндай тұрақты тарифтерді Үкімет ұзақ мерзімді кезеңге, нақтыласақ, он бес жылға дейін белгілейтін болады.

Жалпы, заңның қабылдануы инвесторларға салған қаражаттың қайтарымдылығы жағынан кепілдік береді, сондай-ақ Қазақстанның жұмыс істеп тұрған энергия жүйесіне ықпалдастыра отырып, жаңартылатын энергия көздерінің ірі жобаларын іске асыру бойынша тәжірибе жинақтауға көмектеседі.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар