Парламент заңнамалық актілердің арасындағы қайшылықтарды жоюға арналған заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды,

олқылықтарды, кемшіліктерді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылым бойынша мақұлдап, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған құжат Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжат қолданыстағы заңнаманы құқықтық реттеуде олқылықтардың орнын толтыру, құқықтық нормалар мазмұнындағы ішкі коллизияларды және қайшылықтарды болдырмау, ескірген және қайталама нормаларды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою жолымен жетілдіруге бағытталған.

«Осы бағыттағы жұмыс үш кезеңмен жүзеге асып келеді. Бірінші кезеңнің нәтижесінде былтыр арнайы заң қабылданған болатын. Ал қазіргі құжат екінші кезеңді қамтып отыр. Жалпы құжат бойынша қолданыстағы 57 заңнамалық актілерге, оның ішінде 9 кодекске түзетулер енгізу ұсынылған», - дейді Әділет министрі Берік Имашев.

Оның айтуынша, алдағы уақытта үшінші кезең бойынша жұмыс жалғасып, ол бойынша да жаңа заң жобасы ұсынылатын болады.  Заңды қабылдау келеңсіз құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды. Өйткені өзгерістер негізінен қолданыстағы құжаттарды жетілдіруге бағытталады. Бұл тиісті қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің тиімділігіне ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар