Парламент тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы / - Бүгін ҚР Парламен Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Аталған заң бойынша онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстары үшін сотталғандарды босату, қылмыстардың осындай санаттары үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдардың осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстары туралы соттар қарамаған қылмыстық істерді тоқтату көзделеді. Сондай-ақ сотталғандардың жекелеген санаттары үшін жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің жартысын қысқарту көзделеді. «Қазіргі уақытта елімізде 52 мыңнан астам адам қамауда ұсталып отыр. Бұл ретте рақымшылық шарасы қылмысы аса ауыр емес немесе ауырлығы орташа санаттарды қамтиды, сонымен қатар бұл санатқа кәмелет жасқа толмағандар, кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер, 1-2-3 топтағы мүгедектер, жасы 50-ге толған әйелдер мен жасы 63-ке толған еркектер, ҰОС қатысушылары және басқалары жатқызылады. Жалпы рақымшылық туралы заң 16 187 адамды қамтиды, оның ішінде 2142 адам түрмеден босатылады. 534 адамның жаза мерзімі қысқартылады», -деді Әділет министрі Рашит Түсіпбеков.

Бұдан басқа осы заң қолданысқа енгізілгеннен кейін бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен әскери қызметшілер егер олар осы заң қолданысқа енгізілгеннен кейін 6 айдан кешікпей құқық қорғау органдарына кінәсін мойындап келсе, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Естеріңізге сала кетейік, бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы кезеңіндегі 7-ші рет өткізілгелі отырған рақымшылық болып табылады.

Соңғы жаңалықтар