Парламент судьялардың өмір бойғы төлемін қамтамасыз ететін заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Конституциялық заң судьяларды зейнетақымен қамсыздандыру институтын қайта ұйымдастыру арқылы отставкадағы судьяларға өмір бойы ай сайынғы қамтылым төлеудің енгізілуін көздейді.

«Құжат бойынша кемінде он бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар және заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларға өмір бойы төлемді қамтамасыз ету көзделеді. Ол төлем судьяның соңғы атқарған қызметінде алған жалақысының елу пайызы көлемінде болады және сол судьяларды ары қарай ынталандыру үшін әр қосымша істеген қызметтік жылы үшін бір пайыз қосылып отырады», - деді ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ильяс Испанов.

Оның айтуынша, судьяның өмір бойғы қамтамасыз ету төлемінің ең жоғары мөлшері басқа да құқық қорғау арнайы органы секілді 109 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

Бұл мәселе республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапқан. Бұл ретте республикалық бюджет есебінен судьяларға төленетін қосымша міндетті зейнетақы жарналары алып тасталады. Конституциялық заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Заң күшіне енсе, отандық сот саласын дамуына ықпал етеді, тұрақты және білікті судьялардан тұратын сот корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, судьялардың өмір бойғы төлемін қамтамасыз ететін заңды қабылдау Қазақстанның халықаралық рейтингін де көтереді, ең бастысы, судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсартады», - дейді И.Испанов.

Соңғы жаңалықтар