Парламент Сенаты Елбасының ҚР Жоғарғы Сотының судьяларын босату және сайлау туралы ұсыныстарын қабылдады

None
None
АСТАНА.  Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты ҚР Жоғарғы Сотының судьяларын босату және сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсыныстарын қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Парламент Сенатының қарауына ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Еліс Нұрқасымұлы Әбдіқадыровты басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатуды, сондай-ақ Дүйсен Әбдірахманұлы Тұмабековті, Моряк Смағұлұлы Шегеновті Жоғарғы Соттың судьялары қызметіне сайлауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Сенат алдында ҚР Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Оңалсын Жұмабеков Елбасының аталған кандидатуралар туралы ұсынысын оқып берді.

Жоғарғы Сот судьясы лауазымынан босатылатын Еліс Әбдіқадыров 2007 жылы наурыздан бастап ҚР Жоғарғы Сотының судьясының лауазымына сайланған болатын. Сондай-ақ ол осыдан біраз бұрын ҚР Бас прокурорының бұйрығы бойынша ҚР Бас прокуратурасына қызметке қабылданып, Сот актілерінің  заңдылығын қадағалау және сотта мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету департаментінің бастығы болып тағайындалған.

 Ал Дүйсен Тұмабеков ҚР Президентінің 2007 жылғы наурыздағы Жарлығымен Астана қалалық сотының судьясы қызметіне тағайындалған болатын. Оның сот жүйесіндегі еңбек өтілі 15 жылдан асады. Сондай-ақ Моряк Шегенов 2007 жылғы наурыздан бері Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметіне екі мәрте тағайындалған. Оның судьялық жұмыс өтілі - 20 жыл. Парламент Сенаты Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, оң шешім қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар