Парламент пен Үкімет ғимаратына кіруге шектеу қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі мен Парламент ғимаратына кіруге уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығымен елдің барлық аумағында коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл және азаматтардың денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шаралары күшейтіліп отыр. Осыған байланысты осы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ғимаратында отырыстарға келушілер мен қатысушылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін шектеу енгізілді», - делінген Сенаттың Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.

Таратылған мәліметте Сенатта өтетін іс-шаралар палатаның сайтында және ресми аккаунттарда онлайн режімде көрсетілетіні ескертілген.

Сондай-ақ Мәжілісте коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес үшін алдын алу шаралары күшейтілді, алайда депутаттардың заңнамалық жұмыс кестесі өзгерген жоқ.

Жұмыс топтары, профильді комитеттердің отырысы, кімет сағаты, пленарлық отырыстар бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр және әдеттегідей, Мәжіліс сайтында онлайн режімде көрсетілуде.

Сонымен қатар, туындаған мәселелерді жан-жақты пысықтау үшін Интернет технологиялар қолданылып жатыр.

Сонымен қатар, 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында Үкімет үйі ғимаратына келушілер және кеңеске қатысушылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін шектеу енгізілгені белгілі болды.

«Үкімет отырыстары онлайн режімде PrimeMinister.kz сайтында және ресми аккаунттарда таратылады. Шаралардың трансляциясы туралы алдын ала хабарлап отырамыз. Қосымша ақпарат алу үшін 74-59-72 телефон нөміріне хабарласуға болады», - деп мәлім етті Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар