Парламент пен «Атамекеннің» бірлескен жұмысы жемісті болды - Нұрлан Нығматулин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттық корпус пен «Атамекен» ҰКП-нің бірлескен жұмысы жемісті болғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілісте депутаттардың ҰКП басшылығымен кездесуі барысында қазақстандық бизнестің өзекті проблемалары талқыланып, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар отандық бизнесті дамыту бағытында депутаттардың алдағы уақытта «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жұмысының негізгі қадамдары айқындалды.

Осы орайда салаға қатысты заң жобалары бойынша жұмысты Мәжіліс жалғастыра түсетініне тоқталған Н. Нығматулин, «депутаттар «Атамекен» палатасымен және Президенттің Бес әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастырады. Бұл тақырып бүгінде өзекті болып отыр, себебі осы шаралар ел азаматтарының өмірін жақсартуға негізделген», - деді.

Сөз соңында Мәжіліс төрағасы белсенді азаматтық ұстанымы мен депутаттық корпуспен ынтымақтастыққа дайындығы үшін «Атамекен» ҰКП басшылығына алғысын айтып, отандық бизнесті дамыту мен қолдау бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Атамекен» ҰКП қызметінің 5 жылдық қорытындысы бойынша мәліметтер баяндалды. Онда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және оның орынбасарлары сөз сөйледі.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев еліміздегі несиелендіруге қатысты проблемаларды атады.

Мұнымен қоса ол міндетті медициналық сақтандыруға қатысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар