Парламент палаталары мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық жағдайына қатысты жоба бойынша келіспей қалды

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне  мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдардың құқықтық жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент палаталары арасында келісім комиссиясы құрылатын болады.

Бүгін аталған заң жобасын Сенат тарапынан енгізілген түзетулерді талқылаған Парламент Мәжілісі осындай шешім шығарды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сенат енгізген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдарға инвестициялық пай қорларынан пай сатып алуға, бағалы қағаздар нарығында облигациялар мен коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға, тұрғын үйді, сондай-ақ сенімгерлікпен басқаруға берілген мүлікті жалға беруден табыс алуға ерекшелік ретінде рұқсат беріледі.  Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті сенаторлардың бұндай өзгерістерімен келісуге болмайды деп отыр. «Өйткені  Конституцияға сәйкес Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңестің Төрағасы мен мүшелері, судьялар кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды және аталған адамдар үшін қандай да бір ерекшелік белгіленбеген» делінген Қаржы және бюджет комитетінің берген түсініктемесінде. Сонымен бірге, төменгі палата депутаттары сенаторлардың «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мүліктік жалдауға берілген тұрғын үйлерді қоспағанда, өздеріне тиесілі мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті» деген түзетумен де келіспейді. Өйткені  Мәжіліс депутаттарының пайымына салсақ, мүлікті жалдауға тұрғын үйден бөлек өзге де мүлік берілуі мүмкін болып шығады. «Мүліктік жалдауға тұрғын үйден бөлек жабдықтар, көлік құралдары және пайдаланған кезде табиғи қасиетін жоймайтын басқа да заттар берілуі мүмкін. Сондай-ақ жерді пайдалану құқығы мүліктік нысан болуы да ғажап емес. Ал Сенат ұсынған өзгерістер мұндай мүлік тізбесінің аясын тарылтып қана қоймай, сол жағдайда қиындықтар да туғызады», делінген комитет түсініктемесінде. Енді қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясы құрылатын болады. 

Соңғы жаңалықтар