Парламент өсімдіктер карантині заңнамасына енгізілген өзгерістерді қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Аталған құжат өсімдіктер карантині саласы бойынша құқықтық негізді жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, құжат бойынша фитосанитарлық тәуекелдерге талдау жасауды заңнамалық қамтамасыз ету, сол арқылы карантиндік шараларды жедел қабылдау бойынша ғылыми негіздер мен шешімдер шығару қарастырылады. «Бұдан бөлек, заңнамадағы өзгерістермен өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік мекемелерді оңтайландыру көзделіп отыр. Сонымен бірге өсімдіктер карантині бойынша шараларды қаржыландыру нақтыланады», - деді құжат бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Оның сөзіне қарағанда, фитосанитарлық тәуекелдер талдауын міндетті түрде жүргізу өсімдіктерді қорғау мен олардың карантинін қамтамасыз етудегі басты шаралардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Айта кетерлігі, Қазақстан Президентінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылды, соған сәйкес өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі міндетті түрде фитосанитарлық тәуекелге талдау жүргізу болып табылады. «Соған орай, заңнамада өсімдіктер карантинін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелерді біріктіру көзделеді. Сосын қайтадан құрылатын мемлекеттік мекемеге фитосанитарлық тәуекелдер талдауын жүргізу бойынша функциялар жүктеледі. Ал қазіргі уақытта заңнамада қамтылмағандықтан, фитосанитарлық тәуекел бойынша сараптамалар жаңа карантиндік нысандар табылған уақытта ғана жасалып жүр», - дейді министр А.Мамытбеков. Бұдан бөлек, заң жобасымен пестицидтер, улы химикаттар қорларын сақтау тәртіптерін әзірлейтін уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.

Соңғы жаңалықтар