Парламент Мәжілісінде жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасы таныстырылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар. Олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өндірді немесе барлық өнімнің 41,5%-ын құрады. Бұл ретте қызметтің бұл түрі жеке заңнамалық актімен реттелмеген, олардың мәртебесі анықталмаған. Шын мәнінде, жеке қосалқы шаруашылық жұмысы заңнамалық тұрғыда негізделмеген. Бұдан басқа, ішкі азық-түлік нарығы қажеттілігінің басым үлесін қанағаттандыра отырып, жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларынан шектеліп отыр. Жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, азық-түліктің экономикалық қолжетімсіздігі, өсірілген өнімді әділ бағамен сату, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр», - деп тоқталды Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, екінші жағынан, малдың жартысына жуығы жеке қосалқы шаруашылығында екенін ұмытпау керек. Шын мәнінде, бұл үлкен биологиялық актив натуралдық шаруашылық деңгейінде жұмыс істейді және ешқандай технологиялық процестермен қамтылмаған.

«Дегенмен бұл жерде өндірістің тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін қосымша табыс алуға мүмкіндік беретін үлкен әлеует бар. Жоғарыда аталған барлық мәселелерді ескере отырып және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл жерде посткеңестік мемлекеттерден (РФ, Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы) тек Қазақстанда ғана жеке қосалқы шаруашылықтың қызметін реттейтін жеке заң жоқ екенін атап өткім келеді. Сонымен бірге, талдау нәтижесі көрсеткендей, бұл елдердегі жеке қосалқы шаруашылық туралы заңдар негізінен контурлық сипатқа ие және егжей-тегжейленбеген. Алайда, ол елдермен салыстырғанда, біз, нақты егжей-тегжейлей отырып, нақтылау жолымен жүрдік», - деді министр.

«Біріншіден, заң жобасында біз жеке қосалқы шаруашылық ұғымын береміз, оның мәртебесін салық салу мәселелерін реттеу үшін кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықтаймыз, бұл өте маңызды болып саналады. Екіншіден, біз жергілікті атқарушы органдарға жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасау бөлігінде нақты қосымша өкілеттіктер береміз. Ең алдымен, бұл жер заңнамасы аясында жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету, материалдық ресурстармен жабдықтауды ұйымдастыру, өсірілген өнімді өткізу мәселелеріне қатысты. Оларға жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың проблемаларын шешуге, олардың кооперативтері үшін қажетті өндірістік инфрақұрылым құруға құқық береміз. Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мәселелері бойынша олардың жауапкершілігін күшейтеміз, осы мәселе бойынша әкімдердің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру нормасын енгіземіз», - деді ведомство басшысы.

Үшіншіден, оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің заңнамалық негізі қаланады. Бұл жұмыс жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтері арқылы жүргізіледі.

«Осылайша, осы Заң жобасын қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперация арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге және осы негізде жеке қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған заңнамалық негіз құруға мүмкіндік береді», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар