Парламент: Қазақстанда азаптауларды болдырмауды қарастыратын ұлттық алдын алу тетігі алғаш рет енгізіледі

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Алдын алу тетігінің мәні азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу мақсатында бас бостандығынан айырылғандарды ұстау орындарында үнемі болып тұру жүйесін құруда жатыр. Заң жобасының жаңалығы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және азаматтық қоғам өкілдері арқылы заңнамалық деңгейде ұлттық алдын алу тетігінің алғаш рет енгізілуі болып отыр», - дейді Әділет министрі Берік Имашев.

Аталған құжат Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияны іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте, заң жобасының мақсаты түзеу мекемелері мен тергеу изоляторларында, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды емдеуді жүзеге асыратын мекемелерде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, қоғамдық байқаушы комиссиялар мен қоғамдық бірлестіктердің үнемі болу жүйесін ұлттық алдын алу тетігі ретінде бекітуді көздейді. Сондай-ақ, аталған тұлғалар мен ұйым өкілдері қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, арнаулы және ерекше режімдегі білім беру ұйымдарында ұдайы бола алатыны қарастырылады.

Осыған орай, заң жобасымен ҚР Қылмыстық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне және бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар