Парламент дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін заңды қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылым бойынша қаралып, қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Құжат бойынша дербес бiлiм беру ұйымдары негізінен ілкі жобалар, эксперименттiк алаңдар болып табылады. Аталған жобаларды iске асыру барысында жинақталған тәжiрибе бiлiм беру жүйесiн дамытудың алдағы кезеңдерiнде пайдаланылмақ. Осыған байланысты, заң жобасының ережелерi дербес ұйымдардың қызметiн реттеуге ғана емес, орта және жоғары бiлiм беру жүйесiн одан әрi жетiлдiруге де бағытталып отыр.

«Құжат дербес білім беру ұйымдарының академиялық басқару жүйесін жетілдіруге және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. 2011 жылы Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері және Назарбаев қорының мәртебесі туралы заңмен дербес білім беру ұйымдарының негізгі жұмыс істеу қағидаттары, оның ішінде академиялық еркіндік және дербес білім беру қағидаттары айқындалды. Осы заңды іске асыру тәжірибесі дербес білім беру ұйымдарының дамуына оң әсер тигізді. Алайда, дербес білім беру ұйымдары өз қызмет процесінде заңнамалық деңгейде қажет ететін бірқатар мәселелерге тап болды. Осыған орай, заң жобасындағы түзетулер білім беру ұйымдарының дамуындағы келелі қадам болып табылады», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, бюджет кодексіне, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, «ҚР Білім туралы», «Назарбаев Университеті» , «Назарбаев зияткерлік мектептері және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Онда нысаналы салымдар бөлудiң мүмкiн болмауы, бiлiм беру процесiн грантпен және стипендиямен қамтамасыз ету мәселелерiн реттеудегi олқылықтар, жер заңнамасының зияткерлiк-инновациялық кластердi дамыту үшiн дербес бiлiм ұйымдарының жер учаскелерiн сатып алуына мемлекеттiк бюджеттен едәуiр қаражат бөлуге мәжбүрлейтiн ережелерi, салық салу мәселелерi қарастырылып отыр.

Тұтастай алғанда, заң жобасы дербес білім беру ұйымдарының академиялық басқару жүйесін жетілдіруді және сапасын қамтамасыз етуді қарастыратын болады. Университеттің инновациялық кластері қызметін ұйымдастыру, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру ұйымдарының академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар