Парламент депутаттары халықпен кездесу үшін Арысқа аттанды - Нұрлан Нығматулин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент депутаттары Арыс тұрғындарымен кездесу үшін Түркістан облысына аттанды. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық депутаттық корпус атынан Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан қаза болғандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Сонымен бірге, зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуін тілейміз. Баршаңызға белгілі, осы күндері бүкіл қазақстандықтар бір ел болып Арыс тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ», - деді Н. Нығматулин бүгін Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударғанын жеткізді.

«Ал кешеден бастап бір топ депутаттарымыз халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кетті. Баршамыз Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруын тілейміз. Арыс, біз біргеміз!», - деді Мәжіліс төрағасы.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар