Парламент депутаттары елорданы газдандыру жұмыстарымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламентінің депутаттары елордада газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорданы газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда құбырларды төсеу және газ реттегіш пункттерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін ЖЭО-1, 3, Көктал-1, 2 және Агроқалашық елді мекендерінде газ тарату құбырларының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып жатыр.

«Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырды. Үлкен жұмыс жүргізілді. Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Бұл үйлерді келесі жылыту маусымы басталғанға дейін газға қосуды жоспарлап отырмыз», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Жобаны әзірлеушілер хабарлағандай, газ тарату желілері көше желісі арқылы өткізіледі, тұрғындар газға тікелей қосылады. Әкімдік тұрғындар үшін тегін негізде есептегіштер қарастырды. Екінші кезең - Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2), Тельман (3), Пригородный, Garden Village, Family Village елдімекендері, ал үшінші кезеңде - Ильинка (1-2), Шұбар (3), Өндіріс (4) елдімекендері газдандырылады. Іске асыру мерзімі -2020-2023 жылдар. Бұл жоба қаладағы зиянды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды 40 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар