Парламент халық пікіріне құлақ асып отыр – Саиров бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы туралы

2020 жылғы 14 мамыр, 12:50
Парламент халық пікіріне құлақ асып отыр – Саиров бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын Мәжіліске қайтаруы – елімізде демократиялық процестердің іс жүзінде дамып жатқанын көрсетеді.

Сенатта қаралған бүгінгі заң жобаына қатысты Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы қазір іс жүзіне асып жатыр. Бейбіт жиналыстар туралы заң Қазақстан қоғамында қызу және жан-жақты талқыланған заң жобаларының бірі. Бұл заңды әзірлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Министрлік заңның концепциясының өзі жасалған кезде бүкіл қоғаммен келісіп, түсінуге тырысты. Мәжіліске түскен кезде Нұрлан Нығматулин осы заң бойынша Қазақстан мен шетел сарапшыларын шақырып, үлкен дөңгелек үстел өткізген болатын», - дейді Ерлан Саиров.

Саясаттанушының айтуынша, заң әлі де қызу талқыланып жатыр.

«Қоғамның бір бөлігі бұл заңның кейбір аспектісіне қарсы. Сондықтан Сенаттың бұл заңды қайтадан Мәжіліске қайтаруы – бүгінгі таңда біздің елімізде демократиялық процестердің іс жүзінде дамып жатқанын, сонымен бірге азаматтардың пікіріне депутаттардың, Парламенттің құлақ асып жатқанын көрсетеді. Менің ойымша, осындай келісімдердің арқасында Қазақстан қоғамы қолдануға қолайлы заңға ие болады», - деді Ерлан Саиров.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar