Парламент ауыл әкімдерін сайлаудың қолданыстағы тәртібін қалдырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Сенаттың жалпы отырысында заң жобасын талқылау барысында өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. 

Яғни салыстырмалы кестені қарастыру кезінде ауыл әкімдерін төте сайлауды енгізуге қатысты норманы алып тастауға қолдау жасалды. Талқылаудан кейін сенаторлар заң жобасын енгізілген түзетулермен Мәжіліс қарауына бағыттау шешімін қабылдады.

Атап айтқанда, осыған дейін заң жобасында ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау ескерілген болатын. Осы орайда әкім жергілікті тұрғындармен жалпыға бірдей тең төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланатыны қарастырылған еді. Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған депутат Владимир Волков түзетулер лауазымға сайлаудың және лауазымнан босатудың қолданыстағы тәртібін сақтау қажеттігіне байланысты енгізілгенін атап өтті.

«Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Парламент  Сенаты енгізген өзгертулерді қарастырды. Сенат ұсынған түзетулер  аудандық маңыздағы қала, ауыл, ауылдық округ әкімі лауазымына сайлауда қолданыстағы тәртіпті сақтауға бағытталған. Осы орайда комитет Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова.

Соңғы жаңалықтар