Парламент алдағы уақытта да Мемлекет басшысының бастамаларын қамтамасыз ететін заң жобаларын қарауға дайын- Н. Нығматулин

None
None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Парламент алдағы уақытта да Мемлекет басшысының бастамаларын қамтамасыз ететін заң жобаларын қарауға дайын.

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, бірлескен отырыста бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды.

Парламент алдында баяндама жасаған Мәжіліс спикері екінші сессия барысында көтерілген маңызды мәселелерге тоқтала келе, зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасына ерекше назар аударды. «Зейнеткерлік жасты бірдейлендіру Парламент қабырғасында ғана емес, қоғамның барлық жігінде кеңінен талқыланды. Бұл сөзсіз қажетті шара болатын. Зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі әлемдік тәжірибе алға тартқан ғана емес, бүгінгі заманның шынайы талабына айналған күрделі дүние еді», деді спикер. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Үкімет ұсынған заң жобасының бастапқы нұсқасында зейнетақы жасын бірдейлендіру бөлігіне қатысты реформаны 2014 жылдың қаңтарынан бастау қарастырылғанын айтып, алайда ел Президенті заңның дәл осы тұсына өзгерістер енгізгенін атап өтті.

«Біз бәріміз Елбасы ең қиын сәттерде өз елінің тағдырын қолына алатынын, сөйтіп, күрделі болса да жалғыз тиімді жолды, нағыз дұрыс жолды табатынын білеміз. Қазақстан зейнетақы жүйесін жаңғырту қажеттілігімен бетпе бет келгенде де Н. Назарбаев тағы да өз халқының қамқоршысына айналып, көрегендік пен даналық танытты. Мәселенің күрделілігін, сонымен бір мезгілде шешім қабылдаудың маңыздылығына назар аударған Мемлекет басшысы ең алдымен бүгінгі ғана емес, Қазақстанның келешек ұрпағының ахуалын қаперге алды. Қарапайым азаматтардың мүддесі үшін зейнет жасын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсынды», деді Н. Нығматулин.

«Алдағы сессия барысында да Парламент осындай Президенттің маңызды бастамаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заң жобаларын қарауға дайын», деді Мәжіліс спикері.

Соңғы жаңалықтар