Парламент алдағы уақытта да қаржыны қатаң үнемдейін деп отыр

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Парламент дағдарыс кезеңіндегі алдағы жылдары да қаржыны қатаң үнемдеу шараларын сақтайтын болады.

 Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің үшінші сессия барысындағы алғашқы отырысында палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Парламент сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарды қазіргідей күрделі кезеңде қаржыны одан әрі үнемдеуге шақырды. Біз биыл шетелдерге іссапарларды едәуір қысқартып, қымбат бағалы электронды жабдықтарды, автокөліктерді сатып алуға қарастырылған қаражатты қайтардық. Сонымен бірге арнайы үй‑жайларды күрделі жөндеуге, гараж салуға және қызметтік пәтерлерді сатып алуға жұмсалатын шығыстардан бас тарттық. Дағдарыс кезеңіндегі жағдайға қарай, біз бюджеттің барлық шығыс баптары бойынша қатаң үнемдеуге көшіп, қаржылық тәртіпті қатайтып отырмыз. Ендігі жаңа бюджет жылында да осы шараларды сақтаймыз деп ойлаймын», деді Мәжіліс Төрағасы. 

 Сондай‑ақ  О. Мұхамеджанов бюджет жобасы мен жұмыс кезінде мемлекеттік бюджет шығыстарын қысқартып, облигациялар шығару арқылы отандық қор нарығында қарыз алуды пайдалану қажеттігін атап өтті. Төрағаның айтуынша, Ұлттық қордағы шикізат секторынан түсетін кірістердің басым бөлігін сақтай отырып, антициклді фискалды саясатқа көшуді жүзеге асырудың да маңызы зор болмақ. «Сонымен бірге  Парламенттің алдында елімізді дамытудың жаңа кезеңін заңмен қамтамасыз ету жөнінде қомақты әрі қызу жұмыс күтіп тұр. Бұл жұмыстың алғы шебінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жүруге тиіс», деді Төраға. 

Соңғы жаңалықтар