Парламент: Алдағы сессияда Елбасы Жолдауындағы міндеттер басымдыққа ие болады

None
None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Парламентте келесі үшінші сессияда Елбасының Жолдауындағы міндеттер басымдыққа ие болады.

Бүгін бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жабылуына арналған бірлескен отырыста Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

Жиын барысында баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин парламентшілердің заң шығару қызметінің алдағы уақытқа арналған бірқатар басым бағыттарын атады. Оның айтуынша, ең алдымен болашақ экономикасын құруға, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге, мемлекеттілікті одан әрі нығайту мен қазақстандық демократияны дамытуға арналған сапалы заңдар қабылданатын болады.

«Әсіресе, кәсіподақтар туралы, төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы, сондай-ақ кәсіпкерліктік қызметке байланысты заң жобалары өте маңызды. Бұдан бөлек, Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқарушылық және Әкімшілік Кодекстерді жаңа редакцияда қабылдауға баса назар аударылады», - деді Н. Нығматулин.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Парламент депутаттардың өздері бастамашы болған бірқатар заң жобаларын қарауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында, «Қазақстан Республикасындағы төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарттар туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөндірістік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» басқа да заң жобалары бар. «Сөйтіп, алдағы уақытта заң шығармашылығы нақты әлеуметтік бағытқа және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге арналатын болады. Жалпы айтқанда, Парламент қоржынында қазірдің өзінде 30-дан астам заң жобасы бар», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар