Парламент 2017 жылғы бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекітті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептеріне қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін қолдап, дауыс бергендеріңізге үлкен алғысымызды білдіремін. Бүгінгі қойылған сұрақтарыңыз бен көтерілген мәселелер өте күрделі, сондай- ақ айтылған ұсыныстар мен пікірлеріңіз маңызды. Осының барлығын Үкіметте қарап, өздеріңізбен бірге тағы да ақылдасып, алдағы уақытта жұмысымызда ескереміз деп сенім білдіргім келеді», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджеттің орындалуы барысы туралы есебін таныстырды. 

«2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі мақсаттары - экономиканың және әлеуметтік әл-ауқаттың өсуінің оң қарқындарын сақтап қалу, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасау болды. Нәтижесінде, экономиканың өсуі 4 пайызды құрады. ЖІӨ-нің осындай өсіміне сыртқы факторлардан басқа, өнеркәсіптің 7,1 пайызға және қызмет көрсету саласының 2,7 пайызға өсуі ықпал жасады. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгеге жетті. Оның 48 пайызы трансферттерге келеді.  Бюджеттің кірістерінің әлі де болса Ұлттық Қордан тартылатын трансферттер мен шикізат секторынан тәуелділігі, салықтық әкімшілендірудегі біраз кемшіліктер туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды. Өткен жылы қабылданған Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолымен бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», - деп тоқталды министр.

Сонымен қатар Б. Сұлтанов өткен жылы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалғанын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар