Парламент 2015-2017 жылдарға арналған нақтыланған бюджетті қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Парламенті Сенаты «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Құжат 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының қайта нақтылануына байланысты әзірленген. Бұған сәйкес, Жалпы ішкі өнімнің өсімі 2015 жылы 101,2 пайыз деңгейінде бағаланып отыр, бұл бұрын болжанған деңгейден 0,3 пайыздық шекке төмен.

Осыған орай, 2015 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 3 174,2 млрд. теңге сомасында айқындалды немесе 45,8 млрд. теңгеге азайған. Соның ішінде салықтық түсімдер - 51,9 млрд. теңгеге азайған және салықтық емес түсімдер 5,8 млрд. теңгеге, негізгі капиталды сатудан түсімдер - 0,3 млрд. теңгеге ұлғайған.

Тұтастай алғанда, бюджет түсімдері бойынша нақтыланған болжамды есепке ала отырып, Ұлттық қордан нысаналы трансферттің қысқаруын қоса алғанда 2015 жылы республикалық бюджет шығыстары 66,5 млрд. теңгеге азая отырып, 7 179,2 млрд. теңгені құрайды.

Ал бюджет шығыстарын қайта қарауда неғұрлым үлкен сома бірқатар бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша қарастырылған. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі бойынша шығыстар оңтайландырылды және жалпы сомасы 11,7 млрд. теңгеге қысқартылды, бұдан өзге 0,1 млрд. теңге сомасындағы шығыстар қайта бөлінді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бойынша шығыстар 9,3 млрд. теңгеге қысқартылды. Ұлттық экономика министрлігі бойынша республикалық бюджет шығыстары 8,8 млрд. теңгеге азайтылды, сондай-ақ республикалық бюджеттің жалпы сомасы 15,8 млрд. теңге шығыстары қайта бөлінді. Ағымдағы жылғы бюджет тапшылығының мөлшері бекітілген деңгейде сақталған және 1 257,7 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге 3 пайызды құрайды.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар