Парижде ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығын құру туралы келісімге қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 маусымда Парижде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісімге Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле қол қойды.

Аталған құрылымды ЮНЕСКО аясындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдениеттер жақындасуы орталығы негізінде құру жоспарлануда. Тиісті отандық бастама 2017 ж. қарашада Ұйымның 39-шы Бас конференциясында мақұлданған болатын.

Орталықтың мақсаттары Орталық Азияда және басқа да өңірлерде мәдениатаралық ықпалдастықтың тарихы мен тәжірибесі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, басылымдар дайындау, конференциялар ұйымдастыру және ағарту жұмыстарын атқару болып табылады.

О. Азуле ЮНЕСКО қызметіне Қазақстанның мазмұнды үлесін атап өтіп, жаңа орталық мәдениетаралық диалогтың өңірлік және әлемдік деңгейде ілгерілеуіне өзінің оң септігін тигізетініне сенімділігін жеткізді.

Қол қою рәсімінен кейін өткен кездесу барысында вице-премьер Г. Әбдіқалықова сұхбаттасын Қазақстандағы президенттік сайлаудың нәтижелерін, жаңа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясатындағы басымдықтары және олардың Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бағытымен сабақтастығы, еліміздегі «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басым бағыттарын және Жастар жылы шеңберіндегі шаралардың жүзеге асырылуы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, Г. Әбдіқалықова О. Азулені Түркістан қаласының дамуы туралы және мемлекетіміздің тиісті жобаларды жүзеге асыруда олардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Дүниежүзілік мұра мәртебесін ескере отырып және тарих пен мәдениеттің айтулы ескерткіштерін қорғаудағы халықаралық стандарттарға сәйкес болуына барынша міндеттілігін сендірді.
null

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары ЮНЕСКО-ның Бас директорын келесі жылы ұйымның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы ақыны мен ойшылы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығын тойлау бойынша халықаралық іс-шараларға қолдау көрсетуді сұрады.

Өз кезегінде О.Азуле Г. Әбдіқалықоваға мазмұнды әңгіме үшін алғысын білдірді және жаһандық, өңірлік деңгейдегі Қазақстанның үлесін атап өтті.

Айта кеткен жөн, 1992 ж. 22 мамырынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымының (ЮНЕСКО) мүшесі болып табылады. Ұйыммен ынтымақтастықты ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясы үйлестіреді. Еліміз ұйым аясындағы 15 халықаралық конвенцияның тарапы болып табылады. Деректі мұраның «Әлем естелігі» халықаралық тізіміне - 3, Дүниежүзілік мұра тізіміне - 5, материалдық емес мәдени мұра тізіміне - 8, биосфералық резерваттар желісіне - 10, естелік даталар күнтізбесіне 21 отандық ұсыным енгізілді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 5 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі, 50-ден астам клубы бар. Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жж. Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы етіп жариялады және ЮНЕСКО-ны тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты орган ретінде белгіледі.

Соңғы жаңалықтар