Парижде Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды

Фото:
ПАРИЖ.ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Франция астанасында «Жаңа Қазақстан: демократиялық сайлау қорытындысы бойынша жаңа көзқарас, сын-қатерлер мен перспективалар» атты сарапшылар конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азия бойынша жетекші француз сарапшылары мен ҚР Елшілігі дипломаттарының қатысуымен өткен іс-шара Париждегі БҰҰ-ның CINUP университетаралық комитетінің қолдауымен Cercle National Des Armées ғимаратында өтті.

Конференция елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға байланысты француз сарапшылары мен саясаттанушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Шараға Орталық Азия бойынша танымал француз сарапшылары, сондай-ақ болашағы зор саясаттанушылары қатысты.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова жиналғандарды елімізде болып жатқан саяси оқиғалардан хабардар етті. Қазақстандық дипломат ҚР Парламентінің төменгі палатасына жақында өткен сайлау туралы айтты.

«Бүгінде Қазақстан қоғамында жаңа Азаматтық және саяси мәдениет қалыптасуда. Бір жылдан аз уақыт ішінде Қазақстанда Ұлттық референдумды қоса алғанда, бес сайлау науқаны өтті. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізінде «мықты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласы жатыр», - деді ҚР Елшісі.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа құрамы алдында сөйлеген сөзінде саяси жүйені жетілдіруге бағытталған реформалар жалғасатыны туралы айтқанын атап өтті.

Францияның Орталық Азия елдері бойынша жетекші сарапшысы Катрин Пужоль Қазақстандағы реформалар Орталық Азиядағы озық және прогрессивті реформалардың бірі деген баға берді. Оның пікірінше, еліміздің басшылығына жоспарды іске асыру қарқынын сақтау маңызды, бұл өңірдегі үлгілі модельге айналады.

Ал, Франциядан келген саясаттанушы қазақстандық сайлаушылардың «жасылдардың» пайдасына жеткілікті таңдау жасамағанына өкініш білдірді. К.Пужольдің айтуынша, экологиялық қозғалыстардың күн тәртібі Еуропада өзекті екенін және климатты сақтау мәселелері тек Еуропа континентінде ғана белсенді қозғалғанын қаламайтынын айтты.

Конференция модераторы, сарапшы Эрик Гишон Қазақстан мен Францияның қазіргі жағдайда қарым-қатынастарды дамытудың болашағы зор екенін қосты. Оның бағалауы бойынша, Қазақстан өңірде стратегиялық жағдайға ие және Париж біздің елімізді басым серіктес ретінде қарастырады.


Соңғы жаңалықтар