Парижде Абайға ескерткіш-бюст орнатылды

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігінің бастамасымен Париж қаласының 16-шы округінде орналасқан Ақындар гүлзарында Абайға орнатылған ескерткіш-бюсті ашу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Қазақстан Тәуелсіздігі мен екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналды. Мүсінді Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің мүшелері Айдана Кәрібжанова мен Ги Сидостың мұрындық болуымен орнатылды. Мүсіннің авторы – Ербол Зиябеков.

Салтанатты шараға Париж қаласы 16-шы округінің мэрі Франсис Спинэр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Франция астанасы мэрінің орынбасары Арно Нгатча және Франциядағы қазақ қайраткері туралы зерттеулермен айналысатын Альберт Фишлердің қызы Анна Глас сияқты меймандар қатысып, сөз сөйледі.

Айта кету керек, «Square des poètes» саябағында француз әдебиетінің абыздарына арналған ескерткіштер орнатылған. Бұған дейін шетелдік ақындардан тек Пушкиннің мүсіні ғана қойылған болатын.

Ақындар гүлзарының кітапханасында оқырман қауымға Абайдың француз тіліндегі кітаптары таныстырылды. Мүсіннің ашылу рәсімінде «Айттым, сәлем, Қаламқас» және «Көзімнің қарасы» әндері шырқалды.

Салтанатты рәсімге Франция Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, депутаттар, іскерлік бизнес және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар