Париж Олимпиадасының арзан билеттері сатыла бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада билеттерінің сатылымы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлем жанкүйерлері сатылымның алғашқы кезеңінде Make Your Games («Өз ойындарыңды жинақта») атты билет-пакет арқылы өз қолымен басты бәсекенің бағдарламасын ыңғайлы етіп жасақтап ала алады. Ол үшін былай істеу керек:

1). 2023 жылғы 31 қаңтарға дейін tickets.paris2024.org сайтында тіркеуден өту қажет.

2). 31 қаңтардан кейін толық тізім жасақталады. Егер сіздің өтінішіңіз лотереяда таңдалса, Make Your Games билет-пакетін сатып аласыз.

3). 2023 жылғы 13 ақпанда тіркелген жанкүйерлер арасында жеребе өтеді. Бұл жайлы хабарлама әр адамның тіркеу кезінде көрсетілген электронды поштасына келеді. Ескерер жайт: хабарлама алған азаматтар 48 сағаттың ішінде электронды поштаға келген сілтемені ашып, хатты алғанын растауы керек. Сосын, билет таңдап,15 ақпаннан 15 наурызға дейін сатып алуыңызға болады. Жалпы Make Your Games пакетіне жекелеген 3 сайыстың билеті кіреді.

Ал билетті жеке-жеке сатып алғысы келетін жанкүйерлер үшін мұндай мүмкіндік былай жүреді:

1). 2023 жылғы 1 наурыз бен сәуірдің аяғына дейін тіркеуден өту (tickets.paris2024.org)

2). 2023 жылғы мамырдың басынан бастап билет ала аласыз.

Басында айтқан Make Your Games билет-пакеті 72 еуро, ал жекелеген билет бағасы 24 еуро тұрады. Толық ақпарат tickets.paris2024.org сайтында.

Париж Олимпиадасының ұраны - Games Wide Open («Барынша ашық ойындар»). Ұйымдастырушылар осы арқылы ғаламат әсерді бірге бөлісу үшін жанкүйерлерді көптеп жинауды көздеп отыр. Сол себепті де «Өз ойындарыңды жинақта» сынды пакет олимпия ойындары тарихында алғаш рет ұсынылған.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті бас-аяғы 10 миллиондай билетті сатылымға шығарады. Оның 1 миллионы 24 еуродан, жартысы 50 еуро және одан арзан бағада қолжетімді болады. Тағы 3 миллион билеттің бағасы 100 еуродан басталады. Тек 15% билет қымбатқа сатылмақ.

Фото: tickets.paris2024.org


Соңғы жаңалықтар