«Парасат жолы» орталықтары ұлттық мәдениетті ілгерілетуге ықпал етеді – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Парасат жолы» жобасының таныстырылымында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.күрес

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі іс-шара «Адалдық алаңы» жобасы аясында еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапхана базасында «Парасат жолы» өңірлік орталықтарын ашуға арналған.

Мен өз сөзімді ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деген үзіндімен бастағым келеді.

Біздің мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа қуатты экономикасы мен берік рухани-адамгершілік негізі қалыптасқан мемлекетті қалдыру», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, бүгінге дейін «Адалдық алаңы» жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеді.

«2019 жылы қараша айында іске қосылған жобалық кеңсе Министрлікте және барлық бағынысты мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен оның алдын алуға бағытталған қызметті қызу жүргізіп жатыр. Жобалық кеңсе қызметкерлері жұмысы барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз қарым қатынас орнатты», - дейді ол.

Қазіргі уақытта агенттік қызметкерлерінің көмегімен Министрлікке бағынысты ұйымдар базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп әлеуметтік бейнероликтер дайындау сияқты бірқатар іс-шара өткізілді.

«Биыл 8 қаңтарда Ұлттық академиялық кітапханада ашылған «Парасат жолы» жаңа орталығы - «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы тығыз іс-қимылдың кезекті нәтижесі.

Енді, міне, бүгін біз еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапхана базасында «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының ашылуына қатысып отырмыз. Жаңа орталықтардың жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді деп үміттенемін», - дейді министр.

Бұдан бөлек, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады. Меморандумның мақсаты – азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту, парасаттылық идеологиясын ілгерілету және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру.


Соңғы жаңалықтар