Парамен ұсталған бөлім басшысы 35 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алғаны үшін айыпты болған шенеуніктердің қанша айыппұл төлейтіндігін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы бопсалау арқылы пара алғаны үшін айыпты болған. Оларға құрылыс бойынша мердігер компаниядан 500 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған.

«Әкім орынбасары кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Құрылыс бөлімінің басшысы да айыпты деп танылып, оған 35 млн теңге көлемінде айыппұл белгіленді», - делінген агенттік ақпаратында.

Мұнан бөлек, кәсіпкерден жүйелі түрде 300 мың теңге сомасында пара алғаны үшін Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкіміне 23,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жетісай қаласының әкімі ЖШС құрылтайшысынан «Балапан» бағдарламасы бойынша қаржы бөлу мәселесін оң шешу және жалпы қамқорлығына алу үшін 200 мың теңге пара алып, 12 млн теңге айыппұл төлейтін болды.

Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданы Қосшы ауылдық округінің әкімі де 8,8 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Ол 2018 жылдың қаңтарында Астана қаласында ЖШС директорынан аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында жер телімін бергені үшін 3 млн теңге пара алған.

Жалпы, жыл басынан бері түрлі деңгейдегі 31 әкім мен әкім орынбасары пара алғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар