Параллельді импортқа тыйым салу өзін ақтамады - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Параллельді импортқа тыйым салудан Қазақстанда бірқатар тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Гүлнар Бижанова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы өңірлік қағидатты қолдануға көшті, яғни параллельді импортқа тыйым салды. Мұндай өзгеріс Еуразиялық экономикалық одағы туралы шартқа қол қоюға және ұлттық заңнаманы үйлестіруге байланысты орын алды.  Импорттың рұқсат берілмеген құқық иеленушісінен нарықты қорғау -  құқық иеленушінің жұмыс орындарын ашу және өндірістерді ашу үшін инвестициялық тартымдылықты арттыруды көздеді.  Бірақ еліміз осы өткен 3 жылда қатар импортқа шектеуден не ұтты? Құқық иеленушінің бірі - «Toyota Motor Corporation» компаниясы Қазақстан аумағында диллер орталықтарының желісін ашты.  Қазақстандықтардың осы диллер орталықтарында қызмет алуы қомақты соманы құрайды және олардың баламалы бәсекелі таңдауы жоқ.  Тауар белгісінің иелері автобөлшектер бағасын еш кедергісіз көтере алады. Диллер орталықтары мен тәуелсіз импортерлер бағаларының салыстырмалы талдауы 200-ден 500  пайызға дейінгі айырмашылықты көрсетеді», - деп атап өтті Бижанова ҚР Ұлттық экономика министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, фармацевтика саласындағы ахуал да осындай. Мысалы, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған «Фазладекс» дәрісі Түркияның дәріхана желілерінде бөлшек саудада қазақстандық валютамен 61 892 теңгені құрайды. Бірақ, Қазақстанға оны әкелуге болмайды, себебі өңірлік құқықты алып тастау қағидаты бар.

Оны сатып алу кезінде  «СК-Фармация»  белгіленген  205 275 теңге көлеміндегі бағамен келісуге мәжбүр, ал бөлшек саудада осы препарат 298 996 теңге тұрады. Яғни,  құнның артуы 482 пайызды құрайды. Бұл жалғыз ғана мысал. Жалпы, фармацевтикалық препараттар бойынша бағалардың салыстырмалы талдауы 550  пайызға дейінгі айырмашылықты көрсетеді.

Депутаттың атап өтуінше, өндірушілер, тауар белгілерінің иелері басқа елдерге қарағанда, Қазақстан үшін бағаны барынша жоғары белгілей алады, оны төмендетуге және тіптен Қазақстанға жеткізуден бас тартуға қауқарлы. 

Белгілі болғандай, 2016 жылғы 25  қазандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес Хаттамасы аясында жекелеген тауар түрлері бойынша бұл мәселені шешу мүмкіндігі бар. Бұл үшін осындай бастама жасаған ел тауарлардың нақты түрлері Одақтың ішкі нарығында қолжетімсіз, жеткіліксіз әрі қымбат бағада екендігін дәлелдеуі тиіс.

Сөз соңында Г. Бижанова  ЕАЭО-да осы мәселеде ел ұстанымын айқындау бойынша шешімді жедел қабылдау мен өзіміздің аумақта әділ бәсекені дамыту үшін жағдай жасау қажеттігіне назар аударуды сұрады.


фото:parlam.kz

Соңғы жаңалықтар