Паралимпиадада алтын алған Давид Дегтярев елордаға ұшып келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына пара пауэрлифтингші – Давид Дегтярев пен Алина Солодухина және Давидтің жеке бапкері Юрий Колесников ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жапония астанасынан елге оралған делегация мүшелерін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, спортшылардың туған-туыстары, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері күтіп алды.

Министрі паралимпиадашылардың Токио төріндегі жетістігі қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылатынын, еліміздегі пара спорттың дамуына серпін беретінін жеткізді.

«Қазірдің өзінде Токио-2020 – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең табысты Паралимпиада. Биыл өз тарихымызда ең көп спортшы апарып қана қоймай, ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Сіздер төрт жылдықтың басты додасына жолдама жеңіп алу арқылы рухы мықты жан екендеріңізді танытқан едіңіздер. Енді сәтті өнер көрсетіп, көк туымызды биікте желбіретіп, бізге зор қуаныш сыйлап келесіздер. Сол үшін Сіздерге және бапкерлеріңізге рақмет айтамын»,-деді министр.

Айта кетейік, 26 тамызда 54 келіге дейін салмақта жарыс жолына шыққан Давид Дегтярев 172 келі зілтемірді көтеріп, алтын медаль алды. Ал 45 келіге дейін салмақта Алина Солодухина 83 кило зілтемірді көтеріп, үздік бестікті қорытындылады. Бұл қос спортшының карьерасындағы алғашқы Паралимпиада.



Соңғы жаңалықтар