Паралимпиада: Колядин тарихи «алтынға» қалай қол жеткізгенін айтты

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстан тарихындағы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы Александр Колядин жеңіске қалай жеткені туралы айтып берді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

«Спринт - ең тактикалық жарыстардың бірі. Бұл жерде бағытпен бірге бұрылыстарға да қатты көңіл бөлу керек. Осының барлығы үлкен күшті талап етеді. Мәреге жақындап қалған кезде бірінші келуден басқа ештеңе ойламайды екенсің», - деп келтіреді Колядиннің сөзін Халықаралық Паралимпиада комитеті.

Сондай-ақ қазақстандық шаңғышының жеңісіне қатысты «SPORTINFORM» агенттігіне Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов пікір білдірді.

«Александр Колядин қысқы Паралимпиада ойындары тарихында Қазақстанға  тұңғыш «алтын» алып келді. Оның 1,5 шақырымдық спринттегі өнерін тамашалап, жанкүйер болдық. Ол төртінші, тіпті бесінші келе жатты. Алдыңғы төрттік одан біршама ұзап кеткен еді. Бірақ Саша жарады, соңғы айналымда барлығын қуып жетіп, мәреге 15-20 метр қалғанда бәрін озып кетті», - деді Ерлан Сүлейменов.

Сонымен қатар ол ұлттық құраманың қажырлы дайындығы өз жемісін бергенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарында қостанайлық Александр Колядин 1,5 шақырымдық шаңғы спринтінде чемпион атанды. Бұған дейін 1994 жылы Лиллехамердегі  (Норвегия) Паралимпиадада шаңғышы  Любовь Воробьева күміс медаль алған еді.

Соңғы жаңалықтар