Парақорлық барлық деңгейдегі əкімдікте өршіп тұр - Арман Бердалин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазіргі кезде Қазақстандағы қай органда парақорлық өршіп тұрғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық фактілері ең көп тіркелетін орган барлық деңгейдегі әкімдіктер болып отыр (213), одан кейінгі орындарда ішкі істер органдары (176) мен Мемлекеттік кірістер комитеті (43) келеді. Тәуекел жоғары салалар қатарында құрылыс (187), білім беру (138), ауыл шаруашылығы (135), ТКШ (131) және жер қатынастары (108) салалары бар. Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында әділет органының үш өкілі әшкереленді. Қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», - деді Агенттіктің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Оның айтуынша, 2018 жылдың басынан бері 35 әкім және олардың орынбасарлары қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Соның біреуі облыстық, алтауы аудандық, бесеуі қалалық деңгейдегі, қалған 23-і ауыл әкімдігінің өкілдері.

«Үстіміздегі жылдың 10 айында Ұлттық бюро Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 2 361 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Соның 1 726-сы, яғни 73 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жартысынан астамы парақорлық 57% (1726-ның 979-ы), үштен бірі қаржы жымқыру - 29% (1726-ның 506-сы). Сотқа өндірістегі 5 789 қылмыстық істің 2 136-сы немесе 37 пайызы жіберілді. Жалпы залалдың көлемі 14,4 млрд етіп белгіленген болса, соның 12,8 млрд теңгесі, яғни 89 пайызы қайтарылды. Күдіктілердің жалпы сомасы 42,7 млрд теңге болатын (сыбайлас жемқорлық бойынша 4,2 млрд теңге) мүлкі қамауға алынды», - деді ол.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен 1 126 лауазымды тұлға жауапқа тартылып отыр, соның 20-сы республикалық, 75-і облыстық, 128-і қалалық және аудандық деңгейдегі шенеуніктер.

Соңғы жаңалықтар