Парақор полицейдің арамызда погон тағып жүргенін қаламаймыз – Ішкі істер министрінің кеңесшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта елімізде ішкі істер органдарын реформалау жол картасы жүзеге асырылып жатыр. 3 жылға жоспарланған жол картасы биыл аяқталмақ. Осыған орай ҚазАқпарат қонағы айдарында ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Оразбен аталған жол картасының алғашқы нәтижелері, оның аясында жүзеге асырылып жатқан полицияның сервистік моделі, есірткімен күрес, балалардың құқықтарын қорғау, ішкі істер органдарын жемқорлықтан тазарту сынды өзекті мәселелер жайында сұхбаттасқан едік.

- Нұрділдә Серікұлы, 2019 жылдың 1 қаңтарынан ішкі істер органдарын реформалау жол картасы басталған болатын. Биыл аяқталатын жылы. Қандай жұмыстар атқарылды, нәтиже қандай?

- Жол картасы, жалпы ішкі істер органдарын реформалау жайын бастамас бұрын, оның шығу тарихына, қаншалықты қажеттілігіне тоқталып өтсем. Биыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Өздеріңіз де білетіндей, бұған дейін ішкі істер органдарында да, құқық қорғау саласында да реформалар жүргізілген. Сондықтан, ең алдымен бұл жол картасын солардың заңды жалғасы ретінде қабылдау қажет. Екіншіден, кез келген азамат өзінің құқығының, бостандығының толыққанды қорғалғанын, төрде тұрғанын қалайды және мемлекет соған барынша күш салуы тиіс. Себебі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары төрде тұрмаса, экономика да, бизнес те дамымайды. Тіпті, инвестицияның да салаларға құйылуы екіталай дүние. Міне, осы бағытта ішкі істер органдарына артылған үлкен жүктің бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, елімізде қылмыстың болмауын және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Ал енді ішкі істер органдарын реформалауға тоқталар болсақ, 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аталған жол картасы қабылданған еді. Жол картасы үлкен 9 тараудан және 150-ге жуық бағыттан тұрады. Кейбіріне қомақты қаражат қажет. Ал қаражат қажетсінбейтін бөліктеріне ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізу керек. Үш жылға жоспарланған бұл құжатты іске асыру биыл аяқталады.

Жол картасын жүзеге асыру бағытындағы нақты іс-шаралар жайында айтар болсам, қоғам тарапынан ішкі істер органдары қызметкерлерінің саны көптігіне сын көп. Осыған орай жол картасы аясында ішкі істер органдары қызметкерлерінің санын 11 пайызға қысқарттық. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері 10 пайызға азайды. 1 180 лауазымдық басшылық құрам қысқартуға ұшырады. Айта кетерлігі, бұрын бос тұрған лауазымдар көп еді. Сол лауазымдарды қысқартып, нақты штаттық ұйымдастырушылық жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде «ауада» тұрған бос жұмыс орындарынан ада болдық. Қазір 100 мың тұрғынға шаққанда полиция қызметкерлерінің саны 471-ден 393-ке дейін қысқарды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, әлемдік тәжірибеде, мысалы Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 365, Францияда 390 полиция қызметкерін құрайды. Демек, біз әлемдік деңгейге біршама жақындадық.

Өздеріңіз білесіздер, бүгінде технологияның дамыған заманы. Ал қылмыстардың көпшілігі көшелердің қалтарысында, аулаларда, саябақтарда орын алып жатады. Сондықтан бейнебақылау камераларының санын арттырдық. Нұр-Сұлтан қаласын мысалға алсақ, елордада 24 мың камера жұмыс істеп тұр. Әрине, оның 1 500 камерасы ғана ішкі істер органдарының орталықтан басқару басқармасына тиесілі. Қалғандары білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған. Мұнан бөлек «Сергек» камералары бар. Осылардың барлығын Жедел басқару орталығына қосып жатырмыз.

- Осы жол картасының аясында полицияның сервистік моделі Қарағанды облысында ілкі жоба ретінде қолға алынған болатын. Жобаның өзегі: «полиция - халық, халық – полиция» қағидаты. Осы қағидат ілкі жоба енгізілген өңірде қаншалықты іске асты?

- Жоғарыда атап өткенімдей, азаматтардың бостандығы, құқығы, қауіпсіздігі кез келген мемлекет үшін темірқазық болуы қажет. Осыны ескерген ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауларында азаматтардың құқығы тапталмауы тиістігін, қылмыстық процестердің өзінде де адамдардың құқықтарының қорғалуы керектігін бірнеше мәрте айтқан болатын. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның барлық басқармасына нақты тапсырмалар беріп, полицияның сервистік моделін қолға алды. Сервистік модель дегеніміз не? Өздеріңізге белгілі, сервис дегеніміз - қызмет көрсету. Яғни, полицейлердің азаматтарға қызмет көрсетуі үшін осы модельді енгізіп жатырмыз. Жалпы, ішкі істер органдарының басты мақсаты әрі міндеті – қылмыспен күресу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ал сервистік модель - азаматтарға көмектесу. Демек, ішкі істер органдарының бірінші міндеті - қиындыққа душар болған, қандай да бір төтенше жағдайға тап болған, барар жері, басар тауы қалмаған азаматтардың жанынан табылу. Бұл - министрдің тапсырмасы. Әрбір аппараттық кеңесте, офицерлік жиында бұл тапсырма өңірлердегі ішкі істер органдарының басшылық қызметкерлеріне жүктеліп отырады.

Ал ол үшін не істедік? Ең алдымен әлеуметтік желіде әрбір басшылық қызметкердің аккаунтын аштырдық. Қазір қарасаңыз, бүкіл департаменттің, комитеттің басшыларының аккаунттары Facebook-те тіркелген және халықтың кез келген сұрағына тікелей жауап береді.

Иә, полицияның сервистік моделі Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатыр. Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында да бұл модель іске қосылды. Бастапқыда, Қарағанды өңірінде полицияның сервистік моделін іске қосу үшін азаматтардың талап-тілектерін білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Онда «Қандай жағдайда, сәтте ішкі істер органдары қалай қызмет етуі керек?», «Олардың көмегі қаншалықты қажет?» деген сынды сауалдар болды. Осы сауалдардың қорытындысында тұрғындардың талап-тілегіне сай келетіндей әрекет жасадық. Арыз тіркелген сәттен-ақ оны созбалаңға салдырмайтындай, мұрағатқа жібермейтіндей, яғни прокурорлармен бірлесе тез шешім қабылдап, бірден сотқа жіберетіндей мүмкіндік жасадық. Қарапайым мысалмен айтар болсақ, біреудің көлігі ұрланса, онда ең алдымен тіркеу, одан кейін прокурормен келісу қажет. Содан кейін барып қана қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді іздеу басталады. Ал полицияның сервистік моделінде қылмыс бірден тіркеліп, қаладағы камералар қаралып, күдікті бірден анықталады. Сол уақытта прокурормен онлайн режимде келісу арқылы ашылған қылмыс бірден сотқа жіберіледі. Яғни, тұрғындардың да қаншама уақыты үнемделеді. Осы ілкі жобаны жылдың соңына дейін барлық өңірде енгізуді жоспарлап отырмыз. Толық енгізілгеннен кейін полицияның сервистік моделіне көшу тұжырымдамасы жасалады әрі ішкі істер органдары осы модель қағидатымен жұмыс істейтін болады.

- Бүгінде есірткі, оның ішінде синтетикалық есірткі заттары қоғамымызға үлкен қауіп төндіріп тұр. Министрлік есірткінің таралуына, әсіресе жастардың арасында дендеп кетуіне жол бермеу үшін қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Жалпы, осы жылы қанша есірткі қылмысы тіркелді? Елімізде қанша нашақор тіркелген? Ем алып жатқандары, емделіп шыққандары қанша?

- Есірткі қылмысы расымен де заман нәубеті деп айтсақ болады. Бүгінгідей ақпараттық технологиялар дамыған заманда қылмыскерлер есірткі заттарын әлеуметтік желілер, интернеттегі сайттар арқылы саудалауға көшкен. Әсіресе синтетикалық ескірткі қаупі ушығып тұр. Мәселен, осы жылдың басынан бері 100 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Шетелден келетін сәлемдемелерді сыртқы қорабы бірнеше қабат оралғаннан кейін ішінде не барын анықтау да қиын.

Министр тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдарына, ең алдымен есірткі заттарымен күрес қызметкерлерінің қатарына ІТ-мамандарын қосу жүргізіліп жатыр. Олар сайттарды бақылап отырады. Сонымен қатар кибербақылау жүйесі бар. Бұл жүйеде ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдары және басқа да қызметтер бірлесе жұмыс істейді. Онда порнографиялық сайттармен қатар есірткі жарнамалайтын парақшалар да қадағаланып отырады. ІТ-мамандар мұндай сайттарды бірден бұғаттайды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері үйлердің қабырғасына, гараждарға мұндай сайттардың сілтемесі жазылған граффитилерді өшіруге күш салып келеді.

Ең бастысы, үлкен салмақ ата-анаға түсуі тиіс деп ойлаймын. Қоғам болғаннан кейін мұндай нәубетпен күрес тек ішкі істер органдарына ғана жүктелмеуі қажет сияқты. Иә, полиция қылмыспен күресумен айналысады. Ал баланың тәрбиесімен ата-ана айналысуы қажет емес пе... Сондықтан ата-аналар балаларының бос уақытта қайда жүргенін қадағалап, спорттық үйірмелерге қатысуын бақылауы тиіс. Ұялы телефондарын да бақылауға алуы қажет-ақ.

Жалпы, ішкі істер органдары есірткімен күресті одан ары да жалғастыра береді. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 1 жылдың ішінде 1,5 мыңға жуық қылмыс тіркелді. Оның жартысына жуығы синтетикалық есірткіге қатысты. 11 есірткі зертханасы жабылды. 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Өздеріңізге белгілі, олардың ішінде Алматыда қолға түскен белгілі жас әншілер де бар. Түйіндей айтсам, есірткімен қоғам бірлесіп күресу керек.

- Таяуда Мәжіліс баланың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер мен өзгертулер енгізуге бағытталған заң жобасын 1-оқылымда мақұлдады. Дәл осы заң жобасында депутаттар балаларға қарсы жасалатын буллинг, кибербуллинг қылмыстары үшін жазаны күшейтуге бағытталған норманы қосқан екен. Алайда, Ішкі істер министрлігі де, Бас прокуратура да бұл уәжбен келіспепті. Себебі неде?

- Уәжбен келіспеді деу қате болар. Мәселені жақсы білемін. Депутаттар бастама көтеріп, арнайы бап енгізу мәселесін қарастырды. Бізде кез келген қорлау, зорлау, сырттан ғайбаттау, қысым көрсетуге қатысты бөлек-бөлек баптар бар. Сондықтан ішкі істер органдарының мұндай қылмыстарға бөлек бап енгізбей, қолданыстағы жаза түрлерін қалдырсақ деген ұсынысы болған еді. Жалпы, аталған заң жобасы әлі талқылануда. Қоғаммен, депутаттармен, мүдделі мемлекеттік органдармен талқылаймыз.

Бала құқығы мемлекетіміз үшін маңызды мәселе. Себебі кез келген баланың қысым көруі, зорлыққа тап болуы төтенше жағдай ретінде қарастырылуы керек және алдағы уақытта мұндай қылмыстың, құқық бұзушылықтың болмауы үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, балаларға қатысты жасалатын қылмыстар төмендеп келе жатыр. Балалардың қатысуымен жасалатын қылмыстардың саны 8 жылда 56 пайызға кемісе, соңғы 1 жылдың ішінде 30 пайызға азайды. Айта кетерлігі, балаларға қарсы жасалып, ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстардың жартысы жыныстық сипатта болған. Осы қылмысқа қатысты 5-6 бап бар және дәл осы қылмыс түрінің соңғы жылдары сәл өскені байқалады. Мұны бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Біріншіден, пандемияға байланысты өткен жылы, биыл үйде қамалып отырдық. Сол уақытта көптеген қылмыс үйде жасалды. Екіншіден, өткен жылдың қылмыс статистикасы биылғы жылға процессуалдық тұрғыда енеді. Соған байланысты кішкене өсім болып тұр.

Дегенмен, балаларға қарсы жасалатын кез келген қылмыс қатаң жазалануы тиіс. Ол үшін ең алдымен заңды күшейттік. Қазіргі күні балаларға қарсы жасалған қылмысты көріп тұрып айтпаған адам 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай бап болған емес. Балаларға қатысты қылмыс жасағандар бұрын 5 жыл әкімшілік қадағалауға алынса, енді ол мерзім 8 жылға ұзартылды. Яғни, балаға қарсы қылмыс жасаған адам мемлекеттің бақылауында болады деген сөз.

Енді буллинг, кибербуллинг мәселесіне оралсақ, бүгінде оны заңды тұрғыда қалай бекітеміз деген мәселе талқыланып жатыр. Алайда, бұл ұғымды Ұлыбритания, Франция баяғыдан-ақ заңдарына енгізбесе де қолданып келеді. Айталық, Британияда мұғалімдер шәкірттерінің буллинг, кибербуллингке ұшырамауы үшін білімдерін жетілдіреді. Ал Францияда мұғалімдер балалардың түрлі әлеуметтік желілердегі блогтарын қадағалап отырады. Әлемде буллинг, кибербуллингке қатысты арнаулы бап Израильде ғана қабылдаған. Сондықтан барлық мәселені өзіңіз айтқан заң жобасының Мәжілістегі 2-оқылымына дейін жан-жақты талқылаймыз.

- Сұхбат барысында балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың 50 пайызға жуығы жыныстық сипатта екенін айттыңыз. Баспасөзде биыл 50-ге жуық педофилдің бостандыққа шығатыны туралы да ақпарат жүр. Ал олардың түрмеден босап шыққандарына қадағалау қалай жүргізіледі? Оларға қандай да бір шектеулер бар ма?

- Ең алдымен бұл - ауыр қылмыс. Сондықтан рақымшылыққа жатпайды. Екіншіден, мұндай қылмыскерлер жазасын толық өтегенімен әкімшілік қадағалауда болады. Әкімшілік қадағалауды учаскелік инспекторлар жүргізеді. Қазіргі уақытта учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекітіп, құзіреттерін кеңейтіп жатырмыз. Бұған қоса, заңды тұрғыда учаскелік инспектордың көмекшісі деген лауазым енгіздік. Ал олардың материалдық тұрғыда қамтамасыз етілуі бөлек әңгіме. Бірақ, оның өзі қазіргі уақытта Nur Otan партиясының 5 жылдық сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Яғни, инспекторларға үйімен бірге тұрғызылған учаскелік бекеттер салу қолға алынған. Жыл сайын елімізде мұндай 78 бекет салынады. Биыл 26-сы салынды.

Жоғарыда айтқанымдай, учаскелік инспекторлардың лауазымын күшейтіп, балаларға қарсы қылмыс жасағандарды бақылау қызметін де жүктедік. Олар ендігі уақытта бұл санаттығы қылмыскерлерге әкімшілік қадағалауды жүргізіп, осындай қылмыстарға қайта бармауын қадағалап отырады. Мұндай қылмыспен сотталып, жазасын өтеп шыққандарды есепке алады. Жалпы, бұл санаттағы қылмыскерлерге ата-анасыз, заңды өкілінсіз жүрген балалардың жанына баруға болмайды деген сияқты бірқатар тыйым бар.

- Елімізде жемқорлық көрінісі жиі байқалатын салалардың бірі – ішкі істер органдары. Министрлік құқық қорғау саласын жемқорлықтан тазарту үшін қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Биыл қанша полиция қызметкері мұндай қылмыспен ұсталды, қандай жаза алды?

- Халықтың ішкі істер, сот органдарына сенімсіздікпен қарауының бір себебі пара екені сөзсіз. Ал сол парақорлықпен қаншалықты күрес жүргізіп, оны тұншықтыра алғанымызға байланысты халықтың да ішкі істер органдарына сенімі күшейіп, беті бере қарайды деп сенемін. Ішкі істер министрі бұл мәселені қатты қадағалап отыр әрі кез келген офицерлік жиын мен аппараттық отырыста қандай да пара алу мәселесіне қатысты деректі жария етіп, жаза қолданады. Адам пара алған кезде бір нәрсені түсінуі қажет: пара берген де, пара алған да кінәлі. Балаңның да, отбасыңның да алдында абыройсызсың. Сондықтан осы мәселеге қатысты тәрбиелік мәні бар семинар-тренингті өз ішімізде жиі өткізіп тұрамыз.

Жалпы, ішкі істер органдарындағы парақорлық қылмыстарының 75 пайызын өзіміздің Өзіндік қауіпсіздік басқармамыз әшкерелеп отыр. Өзіңізге белгілі, ішкі істер органдарындағы парақорлықпен тек полиция ғана емес басқа да құқық қорғау органдары айналысады. Бірақ, біз тіркелген қылмыстардың 75 пайызын өзіміз ашып отырмыз. Яғни, біз тазаруға мүдделіміз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, арамызда парақорлардың погон тағып жүргенін қаламаймыз. Сондықтан Ішкі істер министрі бұл бағытта қатаң тапсырма беріп отыр.

Ал тағы да статистикаға жүгінер болсақ, ішкі істер органдары қызметкерлері арасындағы парақорлық жылдан жылға кеміп келеді. Биыл 129 басшы жазаланды. Өздеріңіз де білесіздер, қолданыстағы заңға сәйкес, қол астындағы қызметкері парамен ұсталса, басшысы міндетті түрде қызметінен кетеді. Осы 129 басшының 20-дан астамы қызметінен босатылды. Мұндай қатаң іс-шара алдағы уақытта да жалғасып, парақорлықпен күрес жылдан жылға күшейтіле береді.

- Сұқбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар