Парафиева жол апатында қалай екі аяғынан айырылғандығын айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі аяғынан айрылған Екатерина Парафиеваның ісі бойынша сот процесі басталды. Сот алдында автобус жүргізушісі Жаңабаев Дəурен жауап беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша адам денсаулығына үлкен залал келтірген жол апатына əкелген жол ережесін бұзды деген айып тағылды.

Жаңабаевтың қорғаушысы Сейдалиев Бақытжан тергеу барысында Екатерина Парафиеваның іс-əрекеті дұрыс тергелмегенін, сол үшін қайта жіберуді өтінді.

Айыпталушы Жаңабаев өз кінəсін мойындамады.

Сот барысында Екатерина Парафиева оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«16 маусымда түс кезінде құрбыммен Əл-Фараби көшесінде батысқа қарай келе жаттық. Ауа райы ашық, жолда көлік болмады. Президент паркіне жете бере ашық люкті көрдім. Жылдамдықты азайтып айналып өтпек болдым. Сол кезде көлігім шайқалып кетті. Дөңгелек жарылғанын байқадым. Сыртқа шығып жүксалғыштан белгі алмақшы болғанда өзіме ұшып келе жатқан Камриді байқадым. Содан құлап қалдым»,- деді Е. Парафиева.

Сонымен қатар куəгерлер Абдуалиев, Сизов жауап берді.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын.

Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ.

Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді. Екатерина қазір жаттығу залына барып жүр.

Соңғы жаңалықтар