+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Парафиева ісі: Аяғымнан тұру үшін 20 млн теңге керек

2017 жылғы 29 қараша 20:50
Бөлісіңіз:
Парафиева ісі: Аяғымнан тұру үшін 20 млн теңге керек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол апатынан екі аяғынан айрылған Екатерина Парафиева сот барысында өзінің сөзін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот алдында 24 жастағы автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаев жауап беріп жатыр.

Бүгінгі отырыста Екатерина Парафиева не себепті 20 млн теңге талап етіп отырғанын түсіндірді.

«Менің өмірім екіге бөлінді. Мен салауатты өмір салтын жақсы көретінмін, үнемі тауға, шығып, серуендеп, сноуборд теуіп, марафондарға қатысатынмын. Жоспарларымның бәрі күл-талқан болды. Жасыма жетпей мүгедектер арбасына таңылдым. Балам үшін ештеңе істей алмайтынымды ойласам, өте қиын. Ешқандай ақша маған аяқтарымды қайтармайды. Маған ары қарай өмір сүру керек. Бұл ақша маған өзімді толыққанды адам ретінде сезінуім үшін керек. Камри жүргізушісі өзін естен айрылып қалдым деп айтып жатыр. Апат кезінде не болғаны менің түгел есімде. Мен түсінбеймін Тойота жүргізушісі қауіпсіздік жастығына ұрылған соң қалай есінен айрылады? Автобус жүргізушісі де Тойота жүргізушісі де мұндай кезде маневр жасамай-ақ, көлікті тоқтатулары керек еді», - деді Екатерина Парафиева сотта.

Парафиева 2 желтоқсанда ота жасататынын айтты. Сондықтан оның сот процесіне қашан тағы келетіні белгісіз. Алайда судья сотты оның қатысуынсыз жүргізе беретінін айтты.

Айта кету керек, сот процесі кезінде Тойота жүргізушісі Ұлан Абдуалиев пен автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаев екеуінің айтқан сөздері үйлеспейтіні белгілі болды.

Тергеуші Абдуллаевтың айтуынша, Тойота жүргізушісі жол апатының алғашқы кестесімен келіспеген. Келесі күні шағым түсіріп, кестені қайта сызғызған.

«Тойота жүргізушісі алғашқы тіркелген кестенің қателігін айтып, арыз түсірді. Оның айтуынша, алғашқы кезде шок жағдайында қате жеткізген. Осылайша оқиға орнына барып қайтадан жол апатының кестесі жасалды. Бірақ оның түсініктемені өзгерткені жайлы Жаңабаев пен оның қорғаушысына хабарламадық. Себебі ол арызданбады», - деді тергеуші Абдуллаев.

Тойота жүргізушісі Ұлан Абдуалиев сынған люкты оң жағынан айналып өттім десе, автобус жүргізушісі сол жағынан өтті деп түсініктеме берді.

«Люкке шамамен 60 метр қалғанда көрдім, оны оң жағынан айналып өттім, себебі айнадан қарағанда ешқандай кедергі болған жоқ. Бірнеше секундтан соң соққы болды. Жылдамдығым шашамен 80 шақырым болатын», - деді Ұлан Абдуалиев.

Автобус жүргізушісі оның айтқандарын жоққа шығарды.

«Ол шеткі сол жолақпен, мен ортаңғы жолақпен келе жаттым. Люкты көрген соң оң жағымен айналып өттім, ал Камри сол жағынан айналды. Сосын тез арада ортаңғы жолға түсіп кетпекші болды. Алдымнан тез атып шыққанда, мен оңғай қарай қашам деп оны соғып алдым», - деді Дәурен Жаңабаев.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын.

Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ.

Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді. Екатерина қазір жаттығу залына барып жүр.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT