Пара сұрап сотталған Атырау әкімінің бұрынғы орынбасары апелляциялық шағым берді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сотталған бұрынғы шенеуніктердің адвокаттарынан апелляциялық шағым түсті. Сот отырысы 2 тамызда өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары 10 жылға сотталғанын хабарлаған едік.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сот үкімімен келіспеген адвокаттар мен қоғамдық қорғаушы апелляциялық шағым берген.

Ал, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірген.

«Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты қылмыстық іс Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына түсті. Сот отырысы 2 тамызда жергілікті уақытпен сағат 10:00-ге тағайындалды», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

2020 жылдың шілде айында Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылдаған.

Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС орындаған.

«Сотталушы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Тимур Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7%а, 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген. Нұрлан Таубаев сотталушы Тимур Басаровқа ақша қаражатын алып келуді тапсырған. Содан кейін Тимур Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған. Пара беру барысында Тимур Басаровты сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері ұстаған», -деп мәлім еткен еді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот сотталушы Нұрлан Таубаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы), Тимур Басаровты Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен Нұрлан Таубаевқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Тимур Басаровқа жазаны ауырлататын мән-жайдың жоқтығы ескеріле отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған болатын.


Соңғы жаңалықтар